Ескендір Хасанғалиевтің жағдайы күрт нашарлады
Главные вкладки
Қазақстанның мемлекеттік сыйлық иегері, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев ауруханада коронавируспен күресуде. Редакция дереккөзінің хабарлауынша, әнші ауыр жағдайда жатыр деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Ақпаратты әншінің ұлы Біржан Хасанғалиев Sputnik Қазақстанға растады. Оның сөзінше, Ескендір Хасанғалиевтің жағдайы кеше кешке күрт нашарлаған.
“Әуелі Алла, содан кейін дәрігерлер мен халық тілегі көмектесетініне сенеміз. Әкем өмір бойы халық үшін еңбек етіп келеді. Осындай қиын жағдайда халық әкемнің денсаулығы жақсаруын тілейтініне сенемін”, - деді Біржан Хасанғалиев. Айтуынша, Дарико Хасанғалиеваның жағдайы жақсарып, сауығып келеді.
Айта кетейік, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев пен жұбайы Дарико Хасанғалиева 10 сәуірден бастап коронавируспен күресіп жатыр. Халық әртісінің жансақтау бөліміне түскеніне алты күн болды. Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық эстрада жұлдызы Толқын Забирова екінші мәрте коронавирус инфекциясын жұқтырып алғанын жазған едік.
Толқын Забирова қауіпті індетке қайта шалдыққанын Instagram желісінде хабарлаған. Әнші бірнеше мәрте инфекцияны жұқтырғанша, дер кезінде вакцина салдырған дұрыс деген тұжырымға келген.
Одан бөлек, боксшы Жанқош Тұраров коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз. Жанқош Тұраров үшінші сәуірге жоспарланған жекпе-жегіне қатыса алмай қалды. Спортшының коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсетіп, ол бірден оқшаулануға кеткен.