Жамбыл облысында ер адам жүріп бара жатқан пойыз бен платформа арасындағы саңылауға түсіп кеткен
Главные вкладки
Жамбыл облысында Көліктегі полиция қызметкерлері патруль кезінде жүріп бара жатқан пойыз бен платформа арасындағы саңылауға түсіп кеткен ер адамды байқап, оны құтқарып қалды деп жазады Zakon.kz.
Көліктегі полицияның баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, оқиға 23 шілде күні Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан Луговой бекетінде болған. Ер адам Көкшетау-Қызылорда бағытындағы пойызға кешігіп келіп, жылжып бара жатқан вагонның есігін қаққан.
Ол полиция қызметкерлерінің ескерту ысқырығына да жауап бермеген. Салдарынан абайсызда жолаушының аяғы тайып, пойыз бен платформа арасындағы саңылауға түсіп кеткен.
"Бақытымызға орай, пойыз шұғыл тежегішті басып, тәртіп сақшылары оны пойыз астынан шығарып алды", - дейді көліктегі полиция өкілдері. Кейін анықталғандай медициналық сараптама 31 жастағы Қызылорда тұрғынның "орташа дәрежедегі" мас күйінде болғанын көрсеткен.
Ер адамға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабының 1-бөлігі ("Алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйінде қоғамдық орындарда болу") және 560-бабы ("Теміржол көлігі құралдарын пайдалану ережелерін бұзу") бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылған.
Оған сәйкес, жолаушыға 10 айлық есептік көрсеткіш (29170 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Ведомство осы оқиғаға байланысты жоғарыда аталған пойыз жоспардан тыс тоқтап, кешігу уақыты 3 минутты құрағанын мәлімдеді.