Жандосовтағы "Алма әлемі"

Главные вкладки

окт 26, 2019 / 0 комментарии

Жандосов орта мектебінде  "Алма әлемі" фестивалі өтті, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Елбасы "Ұлы даланың 7 қыры" атты мақаласында "Қазақстан - қызғалдақ пен алманың отаны" деген болатын. Жиында осы қағида басты бағдарға алынды.
Алматы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған шараға жиналған көпшілік алдымен Жандосов орта мектебінің фойесіне қойылған көрмені тамашалады. Онда Жандосов және Шамалған округіндегі мектептердің ұжымдық еңбектері қойылған еді. Әлбетте, бұл жай көрме емес. Мұнда мұғалімдер алмадан түрлі қолөнер бұйымдарын жасап әкелді. Сөрелерден жай себеттерге салынған алманың түр-түрінен бастап, терең мағына беретін композициялар да қойылған еді. Ал, ұйымдастырушылар облыс көлеміндегі игі шараға Қарасай ауданы тектен текке таңдалып алынбағанын алға тартты.
Иә, Асқақ Алатаудың баурайы иісі мұрын жаратын, дәмі тіл үйіретін апорт алмасының отаны екені ғылыми тұрғыда дәлелденгені рас. Сол себепті, бүгінгі жаһандану үрдісінде әр ұлт, әр мемлекет өзіндік менталитетін, бет-бейнесін сақтап қалуға тырысуда. Әлбетте, тәрбие басы болып саналатын білім ордаларында ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа үлгі ету басты назарға алынғаны анық. 


Көрмеден көп әсер алып, табиғи  таза алмадан ауыз тиген қонақтар мәжіліс залына топтасты. Мұнда  арнайы шақырылған құрметті қонақтар сахна төріне шығып, шараның маңыздылығына тоқталып, Ұлы даланың жеті қырын жан-жақты талдады. Олардың қатарында Қазақстан халқы ассамблеясының, қоғамдық келісім кеңесінің, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, аудандық әкімдік қызметкерлері, ауыл әкімдері болды. Бұл ретте белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман өңір көлемінде өтіп жатқан бұл үлкен жұмыстар нәтижесіз болмау керектігін сөз етті.
Фестивалді аудан өнерпаздарының әдемі концерттік бағдарламасы қорытындылап, соңынан көрмелері үздік деп танылғандар марапатталды.