Жаңа бастамалар – жаңа белестер
Главные вкладки
Қазақстанның аграрлық ғылымының қара шаңырағы, ғылыми кадрларды дайындаудың ұстаханасы, 90 жылға жуық тарихы бар, ірі ғылыми орталық - Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтын көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері басқарған және сол кезеңде институтта көптеген белгілі ғалымдар жұмыс істеген және қазірде істеп жатыр. Өзінің ғылыми жетістіктерімен әлемге белгілі ірі ғылыми орталық қазіргі уақытта өз ғылыми жетістіктерін өндіріске енгізіп, еліміздің ауыл шаруашылық саласының дамуына улкен үлесін қосуда. Әрине, әрбір ғылыми институттың жетістіктерге жетуінің төмендеу немесе шарықтау кезеңдері болады. Атап айтатын болсақ, соңғы үш жылда осы орталықтың ғылыми жұмыстары тұралап, ұжымдағы моралдық жағдай қиындап қалғаны белгілі. Ал қазір, ұжым ортасынан шыққан, ғылымда тәжерибесі мол Шолпан Оразқызы басшылыққа келген оншақты айдың ішінде ұжымдағы моралдық климат тұрақталып, институттың гранттық, мақсатты-бағдарламалық бағыттарынан алынатын қаржының көлемі көбейіп, ғалымдардың жұмыс істейтін жағдайлары жақсарып, жаңа бастамалар басталып, жаңа белестерге қол жеткізуге мүмкіндік туа бастады.
Жаңа белестер демекші, әр уақытта әрбір басшы өз қызметкерлерінен нәтижелі жұмыс талап ету үшін, оларға тұрмыстық және әлеуметтік жағдай жасау керек. Осы бағытта Шолпан Оразқызы бір топ ұжым мүшелері көп жылдар бойы қол жеткізе алмай жүрген, яғни өздері жөндеп, тұрып жатқан тұрғын-үй жайларын өз аттарына заңмен тіркеп алуларына көмектесті. Өздеріңізге белгілі, әлемде ауа райының жаһандық жылынуы байқалуда. Қазақстан аумағында ауа температурасының орташа жылдық өсуі әрбір 10 жыл сайын 0,34 градус Цельсийді құрап отыр, яғни жыл өткен сайын жауын-шашын азайып, қуаңшылық үдеп, адамзатқа зардабын тигізу қаупі туындап тұр. Осы мәселелерді ескере отырып, институт басшысы Шолпан Оразқызы бастама жасап, институт алқабының ішінен жер асты суларын 100 га егістікті суаруға арналған тереңдігі 250 метр болатын екі ұңғыманы орнатып, оны салтанатты түрде 25 қарашада ашты. Алда қалған 400 га алқапты да түгел суландыру жоспары тұр. Яғни, біріншіден осы алқаптардан алынатын өнімдерді 2,0-2,5 есеге көбейту, екіншіден институт ғылыми жұмыстарының сапасын арттыру. Мысалы, Қазақстанда 26,0 млн га егістік алқабы болса, соның ішіндегі бар-жоғы 1,4 млн га суармалы жер. Бірақта, суармалы жер жалпы егістік көлемінің 5% ғана құрай тұра, жалпы егістіктен өндірілетін өнімнің 30% береді.
Шолпан Оразқызы басшы ретінде, институттың жас ғалымдарына да көп көңіл бөлуде, қазіргі кезде олар ұжым құрамының 75-80% құрайды, бөлім және зертхана жетекшілерінің барлығы дерлік жастар. Сонымен қатар, институтта көп жылдар істеген, ұжымға еңбектері сіңген, дәрежелері бар, профессор, академиктеріне де қолдау көрсетілуде. Соның бірі, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай институттың ғылыми тәжірибе алқабында 30 шырша ағашы салтанатты жағдайда егіліп, әрбір шырша институт ардагерлері мен жетекші, белгілі ғалымдарының аты жазылған атау тақтасымен отырғызылды.
Келешекте осы жерді, аттары белгілі, еңбегі сіңген ғалымдардың «Шыршалар аллеясына» айналдыру жоспары тұр. Шолпан Оразқызының ендігі жоспары институттың алдына мемориалды тас орнатып, өмірден өткен, институтқа еңбегі сіңген белгілі басшылар мен ғалымдардың аттарын сол тасқа қашап жазып, олардың есімдерін есте сақтау, жастарға үлгі ету. Ірі ғылыми орталық үшін ең қолайлы кезең келе жатқанына сенімдімін!
ҚР ҰҒА академигі, Серік Кененбаев