Жол жүру ережесін бұзғандарды жазалады

Главные вкладки

дек 19, 2018 / 0 комментарии

 

Бүгінгі таңда Қарасай ауданында жол ережесін бұзатын жүргізушілер саны көбейіп келеді. Осыған байланысты Kaskelenkz тәртіп сақшыларымен арнайы рейдке шықты.

Қарасай аудандық ішкі істер басқармасының жол-патрульдік полиция ротасының инспекторы, полиция лейтенанты Алинұр Амангелді мен аға сержант Батыр Тұяқбаев бізбен бірге Қаскелең көшелерін аралап, жол-көлік қозғалысын бақылауға алды.

Бүгінгі таңда мүгедектерге арналған тұраққа көліктерін қойып тастайтын жүргізушілерге сын көп айтылуда. Осы орайда, біз сондай тұрақтарды тексеруге кірістік.

Мәселен, аудандық салық басқармасының алдында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған небәрі екі тұрақ орны бар. Соның өзінде аяқ-қолы сау жүргізушілер бұл орындарға   келіп тұрақтайды екен. Рейд барысында мұндай жүргізушілерге жол полициясы қызметкерлері тарапынан шара қолданды. Яғни, хааттама толтырылып,  ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабының, 4-тарауына сәйкес 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Айта кетейік, бұрын мұндай әрекеті үшін көлік тізгінін ұстағандар 50 АЕК көлемінде айыппұл төлесе, үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап бұл көрсеткіш 10 АЕК-ке түсті, яғни бүгінгі күні мұндай тәртіп бұзу ақысы 24 050 теңгені құрайды.

Салық басқармасына жеке шаруаларымен келген 2-топтағы мүгедек Ержан Жұмакеев жүргізушілердің мұндай әрекетіне ренжіп, тұрақтан орын таба алмағандықтан, кейде  ақылы тұраққа баруға мәжбүр болатынын айтты. Ал аталған басқарманың күзет қызметкерінің сөзіне қарағанда,  жүргізушілер айтылған ескертуге пысқырып та қарамайды екен.

Ал Қаскелеңнің төрт торап жолын біріктіретін автобекетті бәріміз жақсы білеміз. Мұнда жолаушылар көп шоғырланған, бірі қаламызға келіп жатса, енді бірі кетіп жатады. Осы жерде «тоқтауға болмайды» деген белгіге қарамастан, жүргізушілер, әсіресе таскист мырзалар көліктерімен жиі тоқтап, жолаушы алады. Сондай тәртіп бұзушының бірі тиым салатын белгіні көре тұра, көлігіндегі жолаушыны тастап кету үшін осы жерге тоқтаған. Айыбын мойындап, танысымның өтініші бойынша тоқтадым дейді. Бұл азаматқа да жол полицейлері тиісті хаттама толтырып, айыппұл салды.

Бұл біз жарты күн жүріп жасаған рейд нәтижесі. Ал  жалпы, полицейлердің айтуынша, тек Қаскелең қаласы бойынша жол ережесін бұзуға қатысты орташа есеппен күніне 4-5 хаттама  толтырылады екен. 

Айта кетейік, заң бойынша, жүргізушілерге салынған  айыппұл 7 күннің ішінде төленсе, 50%-дық жеңілдік жасау мүмкіндігі бар екенін ескере жүріңіз.

Бүгінде жаяу жүргіншілердің қатысуымен  де жол-көлік оқиғалары  орын алып жатады. Осы ретте, рейд барысында біздің тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерге ескерту жасауды ұмытпады.

Нұргүл Әлменбетова