"Жын шығарам" деп жанын алған

Главные вкладки

янв 15, 2019 / 0 комментарии

Қарасай ауданында 28 жастағы ер адамның өліміне халық емшісі себепкер болған, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі тengrinews.kz. агенттігіне сілтеме жасай отырып. Оқиға 12 қаңтарда болған. Ер адам өз үйінде өлі табылған. Сот-медициналық тексеруінің нәтижесінде кеуде қуысының тұйық жарақаты, қабырғаларының сыныуы мен өкпенің жарақаттануы ер азаматтың өліміне себепкер болғаны анықталған. Жәбірленушіге түрлі ауыр дене жарақатын салу барысында оның өліміне әкелуге қатысы бар деген күдікпен полицейлер халық емшісінің үстінен қылмыстық іс өндірісін қозғады. "Полицияға қайтыс болған азаматтың туыстарынан әлі күнге арыз түскен жоқ. Алайда бұл дерек бойынша РҚ Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істе күдікті ретінде дәстүрлі емес медицина қызметімен айналысатын 63 жастағы ер адам айыпталып жатыр", - деп атап өтті Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, халық емшісіне жәбірленушіні оның туыстары алып келген. Олардың пікірі бойынша, жас азаматқа жын кірген және ол соңғы үш жыл ішінде сол жын әсерінен қиындық көрген. Халық емшісінің 5 күн ішінде түрлі әдістерді қолдану арқылы азаматтан жынды шығару салдарынан жәбірленушінің көз жұмуы мүмкін делінеді. Облыстық полиция баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, іс Қарасай ауданы полициясының өндірісінде. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынған.