Көкпаршы қыз

Главные вкладки

июн 03, 2022 / 0 комментарии

Білегі күшті, жүрегі мықты жігіттерден қалыспай, арғымақ үстінде атойлап көпар тартып жүрген арудың видеосы әлеуметтік желіде кең тарады. Ол - қаскелеңдік Ева Жигалина еді!

 Он жасынан бастап атқа аңсары ауып, он бес жасынан көкпарға қатыса бастаған Ева қазір отызда. 15 жыл ат үстінен түспеген ару үшін бұл ойын – өмірдің мәніне айналғандай. «Сәйгүлікке мінгенде қыран құстай, ал көкпар ойнағанда суда жүзген балықтай сезінем өзімді» дейді атбегі. Иә, дәл солай! Оның қорасында қазір оннан астам асыл тұқымды жылқы бар. Көңіліне жаққан сәйгүлікті бағасына қарамай теңіздің арғы жағынан болса да қалап алдыртады екен. Қазір көкпарға шабатын сенімді серігі – Самсон.

«Мен сонымен қатар асау атты да үйретемін. Маған ол үрдіс еш қорқынышты емес, керісінше қатты ұнайды. Жылқының көзіне қарап, бірден оның жан-дүниесін, қалауын, мүмкіндігін, психологиясын, мінезін түсініп аламын. Мүмін бұл маған қанмен берілген қасиет болар, әкем жағынан да, анам жағынан да аталарым кәсіби атбегілер...» - дейді ол өз әңгімесінде.

Еваның әкесі Михаил талай жылдан бері «Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» Ақсай филиалында орманшы болып жұмыс істейді. Анасы Зоя тоғыз құрсақ көтерген.

Шабандоз қыздың ең жақын қолдаушылардың бірі жары Тельман Мусаев. Ол да аттың құлағында ойнап, жылқы малының қыр-сырына қаныққан жігіт.

«Бастапқыда ойынға шыққанда азаматтар мені  қыз бала деп аяушылықпен ойнайтын. Бірақ менің оларға деген ешқандай аяушылығым жоқ екенін байқаған соң, кәдімгі жігіт есебінде бақталасатын болды. Кейбір ойындарда шашымды түйіп, тығып қоямын да көзілдірік киіп аламын. Ондайда мүлдем менің қыз екенімді байқамай да қалады. Қазір тіптен үйренісіп кеттік. Жаркент, Талдықорғанда, Алматы және Жамбыл облыстарында көкпарға жиі қатыстым. Сырт келбетім нәзік көрінгеніммен менің де қолымның қарымы бар. Жетпіс келілік тушаны ауырсынсам да, қырық келіні оп-оңай көтере аламын! » - дейді тағы да кейіпкеріміз.

Ерекше қыз – Ева болашақта өзінің атбегілік мектебін ашуды армандайды. Осылай  жеті қазынаның бірінен саналатын қасиетті түліктің қадірін арттырып, өскелең ұрпаққа ұлттық-салт дәстүрді дәріптеуге өз үлесін қосуды мақсат етеді.

 

                                                                                                                                                                          Kaskelen.kz редакциясының тілшісі 

                                                                                                                                                                           Нусипжан Молдир Бакытжанқызы