"Масадан тұншығуда": Павлодар облысында мал қырылып жатыр
Главные вкладки
Павлодар облысындағы Қожамжар ауылында масаға қатысты мәселе ушығып барады. Жақында бір үйдің екі қойы түнде арам өлген. Тұрғындардың айтуынша, малдың танауына маса кіріп, тұншыққан. Тұрғындардың өзі де маса мен шіркейдің көптігінен далаға шығудан қалғанын айтып, дабыл қағуда деп хабарлайды "Астана" арнасы. Қожамжар ауылының тұрғыны Мұрат Әбдумәліков бағып отырған тоқтысының өліп қалғанын таңертең байқаған. Оның сөзінше, кешкісін өрістен сау келген түліктің аурудан өлуі екіталай.
"Үш күн міне, қатты маса болып жатыр. Өте қатты маса. Түнге дейін таң атқанша түтін салып жүреміз. Масадан өлді. Иттер тығылып жатыр, сарайдан шықпайды ешқайда", - дейді ол. Тұрғындардың айтуынша, маса мен шіркей жануар түгілі адамдарға да маза берер емес. Масаның көптігінен далада жүру мүмкін болмай қалған. Сондықтан, жергілікті тұрғындар арнайы қорғаныш құралдарын киюге мәжбүр.
"2 мезгіл уколға келуші елдім. Әрең келеміз құрттап, биттеп. Маса деген тура ауызға, мұрынға кіреді. Өзі демала алмай жүрміз. Аллергиямыз бар. Бұл не деген сұмдық. Жылда улап, жақсы болушы еді. Биыл тіптен сұмдық. Бала-шаға мүлде далаға шықпайды", - дейді өзге тұрғын Жанат Самарова.
"Халықты ойламай ма? Бүгін түнде екі мал өлді. Маса шайнап тастаған. Не болды соншама. Үкімет қайда қарап отыр?", - деп күйінді тағы бір тұрғын Айтмағамбет Мақашев. Аудан атқамінерлері болса, қансорғыштарды улау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Ал халық "нәтиже жоқ" деп ашулануда.
"Ақтоғай ауданының бюджетінен 1 млн 380 мың теңге ақша бөлінді. Ол ақшаның 510 мыңы препарат сатып алуға, содан кейін 288 қалған сомасы уландыру жұмыстарын жасауға бөлінді. Өтес ауылынан бастап жиек ауылдардың барлығында уландыру жұмыстарын бастадық. Бүгінгі күні төрт рет уландыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Ертең, бүрсүгіні Ақтоғай басына тағы да жасайын деп жатырмыз", - дейді Ақтоғай ауданы әкімінің міндетін атқраушы Ермек Машрықов.
Айта кетйік, осыдан екі апта бұрын Павлодар ауылында масадан құстар қырылған еді. Жұрт 100-ге жуық қаздың балапаны мен қаздан айырылған.
"Жылдағымыз осы. Иттер домалап өледі. Тауықтар домалап өледі. Қойларымыз тұншығып өледі. Сеуіп жатырмыз дейді. Білмейміз не сеуіп жатқанын. Таңертең 4-5-те тұрғанда бұлт болып тұрады сары маса", - дейді Қожамжар ауылының тұрғыны Марат Оспан. Павлодар облысында биыл қансорғыш жәндіктермен күреске 602 млн бөлінген.
Алайда, улау жұмыстары нәтиже берер емес. Ал арам қатқан тоқтының неден өлгені сараптама қорытындысынан кейін белгілі болмақ.