Мұхтар Әблязов пен Виктор Храпуновқа қатысты іс АҚШ-та қаралатын болды
Главные вкладки
АҚШ сотында Мұхтар Әбіләзов пен Виктор Храпуновқа және оның ұлы Ілиясқа қатысты іс қаралатын болды. Қашқын олигархтарға жүздеген миллион долларды жымқырды деген айып тағылып отыр деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Атышулы Flatotel ісіне осымен алтыншы жыл. Әділет министрлігі осы уақыт аралығында Нью-Йорктегі зәулім тұрғын үй кешенінің құрылысына қос құда "БТА банк" пен Алматы бюджетінен ұрланған қаржысын құйғанын дәлелдеумен келеді.
Осы ретте КТК арнасы Flatotel ісінің басы-қасында жүрген Қазақстан Үкіметінің кеңесшісі Мэттью Шварцтен эксклюзивті сұхбат алған.
"Әбіләзов пен Храпунов "БТА банк" пен Алматы қазынасынан ұрланған ондаған миллион долларды жасыру мақсатында Flatotel-ге құйған. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұл жылжымайтын мүлік саласындағы үлкен жоба. Жобаға көп қаражат керек болды. Ал жылжымайтын мүлікті қылмыскерлер ақша жымқыру мақсатында пайдаланатыны белгілі. Ондай мысалдар жеткілікті. Ілияс Храпунов құрылыс компаниясының басшысы Четритпен жақын танысып, жобаға инвестиция құятынын айтқан. Ақшаны қуана-қуана алған Четрит артық сұрақ қоймаған. Осы комбинация арқылы олар ұрланған ақшасын АҚШ-та жасыруға тырысқан", - дейді Үкімет кеңесшісі, Boies Schiller Flexner LLP серіктесі Мэттью Шварц.
Flatotel – Нью-Йорк қаласының қақ ортасындағы тұрғын үй кешені. Оның жанында әйгілі Таймс-сквер мен Мэдисон-сквер-Гарден тұр. Қашқын миллионерлер жобаға жалған ұйымдар арқылы қыруар қаржы құйған. Қазақстан билігі осы құйтырқы әрекетті білген соң, экс-банкир мен Алматының бұрынғы әкімі дереу өз үлестерін екі есе арзанға сатып, сытылып кетпек болған. Олар дәлел-дәйектердің көзін құртуға тырысыпты. Яғни Ілияс Храпунов маңызды деген электронды хаттар мен құжаттарды жойып тастаған.
"Тергеуге қажетті мәліметтерді жойғаны үшін бұл үшеуі айыппұл арқалады", - дейді Мэттью Шварц.
Соттың соңғы тыңдалымы келер жылдың 7-ақпанына жоспарланған. Процесс шамамен үш аптаға созылады. Ал қос қашқынның бұғатталған есепшотындағы 24 миллион доллар Қазақстанға қайтарыла ма, жоқ па? Ол сот шешімінен кейін белгілі болады.
"Біз Flatotel-ге құйылған активтерін анықтап, оған бұғат салдық. Бұл біздің осы істегі алғашқы жеңісіміз және сотта жеңіске жетеміз деген сеніміміз артты. Судья 23,5 миллион АҚШ доллары тұрған есепшотты бұғаттап, бақылауда болатынын жеткізді. Аталған қаржы сотта жеңген тарапқа беріледі", - дейді Мэттью Шварц.