Орталық Африкада жарылыс болып, Ресейдің үш азаматы опат болды

Главные вкладки

Май 31, 2021 / 0 комментарии

Орталық Африка республикасында (ОАР) көлік минаны басып кетіп, жарылған. Соның салдарынан Ресейдің үш азаматы және жергілікті екі полицей қаза болып, бірнеше адам жараланған. Бұл туралы 30 мамырда үкіметтегі дереккөзге сүйенген AFP агенттігі хабарлады. Бұл ақпаратты БҰҰ-дағы дереккөздер де растады.

Оқиға 27 мамырда ОАР астанасы Банги қаласынан 400 шақырым жерде Берберати мен Буар қалаларын жалғайтын шосседе болған. Қаза тапқандар мен жараланғандарды эвакуациялау үшін оқиға орнына ресейлік тікұшақ жіберілген.

AFP жазуынша, Африканың кедей еліне елеулі ықпалы бар Ресей ОАР армиясын әскери әзірліктен өткізіп, жаттықтырады. Былтыр ондағы әскери контингент жүздеген ресейлік жаңа жартылай әскери топтармен толыққан еді. Олар Руанда армиясымен бірігіп ереуілшілермен қақтығысып жатқан президент Фостен Арканж Тоуадерді қолдайды.

ОАР билігі Ресеймен екіжақты келісімдерде оның азаматтарын "әскери қызметкер" деп атаған. Алайда кейінірек Мәскеу терминологияны өзгертіп, ОАР-дағы азаматтарын "инструктор" деп атай бастады.

Ондағы "инструкторлардың" Вагнер тобының мүшелері екенін дәлелдейтін көптеген дерек пен айғақ бар.

Шамамен бес миллион халқы бар ОАР-да президент жақтастары мен 2013 жылы үкіметті құлатқан қарулы топтар арасында жеті жылдан бері қарулы қақтығыс жалғасып жатыр.