Педагог мәртебесін көтеруге арналған семинар
Главные вкладки
Аудан орталығындағы 80 жылдан астам тарихы бар Абай атындағы орта мектеп-гимназия қала бойынша ғана емес, облыс, тіпті, республика көлеміндегі алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірінен саналады. Сол себептен де мұнда мектепті дамыту мақсатында белгілі жоғарғы оқу орындарымен жүйелі байланыс орнатылып, түрлі маңызды шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Солардың бірі ретінде 19 ақпан күні осында жастар жылының аясында және педагог мәртебесін көтеру мақсатында өткен «Жаратылыстану пәндерін үш тілде меңгеру – жаһанданған дамудың жолы» атты республикалық семинарды айтуға болады.
Шараға Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы, Алматы қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Орталық Азия университетінің Білім беруді дамыту орталығы ұйытқы болғанын да айта кеткен жөн. Сол себепті аталған білім ордаларының өкілдері де бұл бас қосудан үлкен нәтиже шығатынына сенімді.
Мектеп оқушылары да бұл оқыту жүйесіне айтарлықтай қызуғышылық таныта бастаған. Білікті мамандардың алдында дәріс алып, биік мақсаттарға қол созып жүрген жасөспірімдер үш тілді еркін меңгеру арқылы келешекте Мәңгілік елдің өркендеуіне өз үлестерін қосуды армандайды.
Екі бөлімнен тұрған семинар барысында қонақтар да, мектептің оқушылары мен ұстаздары да шаршамады. Керісінше, өзара тәжірибе алмасу арқылы арадағы ынтымақтастық нығая түсті. Алдымен Абай атындағы мектеп-гимназия мұғалімдері 7-11 сынып оқушыларымен жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытудың жолдарын көрсетті. Ал, екінші бөлімде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымдары шеберлік сағаттарын өткізді.