Сайлау – 2019: Дайындық жұмыстары қандай деңгейде?

Главные вкладки

июн 07, 2019 / 0 комментарии

Еліміздегі маңызды оқиға – кезектен тыс президент сайлауына санаулы сағаттар қалды. Қазір бұл саяси науқанның соңғы дайындық жұмыстары қыза түскен. Бүгін біз Қарасай аудандық орталық сайлау комиссиясына келіп, атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстық.

 Жалпы, Қарасай ауданы бойынша бұған дейін 57 сайлау учаскесі болса, соңғы жылдардағы халық санының күрт өсуіне орай, қазіргі таңда олардың саны 101-ге жеткен. Бұл ретте, сонымен қатар, сайлау туралы заңнамаға енген өзгерістер де ескерілгенін айта кеткен жөн. Яғни, ендігі заң талаптарына сай, бір учаскедегі сайлаушылар саны 3000-нан аспауы керек.

Осы 101 сайлау учаскесінде 817 сайлау комиссиясының мүшесі бар. Арнайы заңға енгізілген өзгерістер аясында, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы қоғамдық емес, кәсіби негізде жұмыс істей бастаған. Бұдан басқа да жаңашылдықтар жоқ емес. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалия Аманованың айтуынша, комиссия төрағалары мен хатшылары арнайы тестілеуден өткен. Ал, сайлау учаскелерінде бұрын екі ғана кабина болатын болса, енді олардың қатарына мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған, үшіншісі пайда болған. Бұдан бөлек, көзі нашар көретін немесе құлағы нашар еститін жандарға арналып арнайы үстел мен компьютер қою да ойластырған екен. Яғни, онда зағип жандарға жазуға және оқуға мүмкіндік беретін брайль шрифті орнатылған, құлаққап қосылған. Ал, үйінен мүлдем шыға алмайтын сайлаушылар алдын ала өтініш берсе, оларға сол күні сайлау комиссиясының бір мүшесі дауыс беретін кіші жәшікті алып барып, бюллетеньін қабылдайды. Қысқасы, тұрғындардың толық қамтылуы үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Комиссия төрағасының мәліметінше, кандидаттардың сенімді өкілдері де тіркеліп, тиісті куәліктерін алған. Ал, дауыс берушілер әзірге 183930 болғанымен, бұл сан күнделікті өзгеруде. Себебі, тіркеу әлі де жалғасып жатыр.

Тағы бір айта кетерлігі, ауданымыздағы сайлау учаскелері 9 маусымда таңғы сағат 7.00-ден – 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Президент сайлауына барып дауыс беруге тек қана ҚР азаматтары құқылы. Дауыстарды санау уақыты сайлау басталғаннан бастап 12 сағаттан аспайды. Алдын ала қорытындысы 10-11 маусымда жария болады.

Сонымен қатар, БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, бұл күні Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы бірқатар базарлар жабылады, кейбірінің жұмыс уақыты өзгереді. Сондай-ақ, ел Президентін сайлайтын күні бірнеше қалалардың қоғамдық көліктерінде де өзгерістер болып, жолаушылар үшін қолайлы жағдай ойластырылады. Мысалы, «Елдің жүрегі – Нұр-Сұлтан дауыс береді» акциясы аясында елордалықтар қалалық және экспресс бағыттағы автобустармен тегін жүре алады. Одан бөлек, Қарағанды облысы мен Алматы, Шымкент қалаларының жолаушылары да қоғамдық көліктерде жол ақысын төлемей, тегін қатынайды.

 Сайлауға байланысты Нұр-Сұлтан мен Алматы сияқты қалаларда әуе кеңістігін пайдалану бойынша тиісті шектеулер де енігізілмек. Ол жайында Азаматтық авиация комитеті хабарлады. Онда:«2019 жылғы 9 маусымда сағат 04:00-ден 24:00-ге дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының аумақтарында ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондар) пайдалану бойынша уақытша шектеу қойылады. Шектеулі ұшу аймағында (ұшқышсыз ұшу аппаратын ұшырған жағдайда ) рұқсат етілмеген аппаратты (мысалы, дрондарды) қолданған адамға 10 АЕК мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады (Әкімшілік кодексінің 563-бабы)» делінген.

 

Автор: Клара Көпбаева