"Сайрам-Өгем" шатқалынан денесі табылған жігіт осыған дейін жоғалған жеті туристің бірі екені расталды
Главные вкладки
Түркістан облысының полиция департаменті бүгін "Сайрам-Өгем" шатқалынан денесі табылған жігіт осыған дейін жоғалған жеті туристің бірі екенін растады.
Ведомство бүгін сағат 11:45-те құтқарушылар Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты "Сайрам-Өгем" шатқалында тағы бір адамның денесін тапқанын еске салды.
Оқиға орнына Төлеби аудандық полиция бөлімінің тергеу тобы барған.
"Марқұмның денесі тікұшақ арқылы Шымкент қаласына жеткізіліп, туыстары оны таныды. Ол "Сайрам-Өгем" шатқалында жоғалып кеткен студенттердің бірі - Атырау облысының тұрғыны", - делінген Түркістан облысының полиция департаменті таратқан хабарламада.
Еске салайық, Төле би ауданының "Сайрам-Өгем" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 25 мамырда түскен болатын.
Ал 29 мамыр күні сағат 00:30-да үздіксіз іздестіру жұмыстарының барысында Өгем өзенінен бір адамның жансыз денесі табылды. Ол 1999 жылы туған тауда жоғалып кеткен туристер тобының бірі екені анықталды.
Екінші жігіттің денесі Өгем өзенінен 3 шақырым жерден табылған. Сонымен қатар, 12 маусым күні Түркістан облысының "Сайрам-Өгем" шатқалынан тағы бір адамның денесі табылды. Кейін ол Өгем шатқалында жоғалған 2004 жылғы турист екені белгілі болды. Жоғалған жігіттің әкесі ұлын таныған.