Табысынан небәрі 1, 10 теңге асып кеткен аналар әлеуметтік көмектен қағылды

Главные вкладки

дек 03, 2021 / 0 комментарии

Табысынан небәрі 1, 10, 100 теңге асып кеткен көпбалалы аналар атаулы әлеуметтік көмек ала алмаған. Алимент пен жәрдемақыдан қағылған олар үкіметке өз шағымдарын айтты. Ал еңбек министрлігіндегілер кірісі көрсетілген сомадан асқан жанұяларға әкімшіліктен қосымша көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

Нұргүл Ақтілеуова – екінші топтағы мүгедек. Үш баланың анасына денсаулығына байланысты жәрдемақы биыл ғана тағайындалған. Алайда мемлекетке алақан жаймай, арнайы бағдарлама арқылы тегін оқу оқып, жұмыс істемекші болыпты, Бірақ бұл үшін жұмысқа жарамды деген анықтама қажет. Ал бұрынғы күйеуі бір жылда алиментке 50 мың теңге аударған. Осыдан кейін кірісінен бар жоғы 90 теңге асып, атаулы әлеуметтік көмек ала алмаған.

«90 теңге асып тұр. Сізге атаулы әлеуметтік көмек тиесілі емес дейді. Мені солай қайтарып жіберді, БІрақ 90 теңгеге нан да ала алмайсың, нанның өзі 110 теңге тұрады. Қаншама жалғызбасты аналар бар. Айтайын дегенім, көпбалалыларды қозғай береді», — деп мәлімдеді Нұргүл Ақтілеуова.

Әр жерден үй жалдап жүрген 29 жастағы Ниса Қожағалиева – жалғызбасты ана. Ол тұратын үй табылмай, мешітті де паналағанын айтады. Ал бұрынғы жолдасы он жылдан бері балаларына алимент төлемеген. Сонымен қатар әлеуметтік көмек те ала алмаған ол жоқшылықтан шаршағанын мәлімдеді. Қазір жалғызбасты ана үй тазалап күн көруде.

«Анда барам есік соғып, мында барам есік соғып, ешбір жерден көмек болмады. Үкіметтен бала ақшасын да ала алмай отырмын, бәріне бардым. Шаршадым. Бәрінің есігін соқтым. Иә дейді де жауып тастайды», — деді Ниса Қожағалиева.

Ал еңбек министрлігіндегілер әлсіз топтарға жергілікті атқарушы орган көмек беретінін айтты.

«10, 100 теңге асып жатқан отбасыларға жергілікті мемлекеттік бюджеттен қосымша көмек көрсетіледі. Жергілікті мемлекеттік органның, әкімшіліктің қаулысы бар. Материалдық жағдайы қиын және әлсіз топтарға көмек көрсетілуде. Сол қаулы негізінде көмек береді», — дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры орынбасары Ғалия Жабалина.

Әзірге атаулы әлеуметтік көмек форматы өзгермейді екен. Демек табысынан 1 теңге асқандарға көмекті тек тәкімдіктен күтуге тура келеді.