Таксидегі кезекті тонау Қарасай ауданында тіркелді
Главные вкладки
Оқыс оқиға 11 маусымда Қарасай ауданында орын алған. Полицияға хабарласқан 29 жастағы әйел белгісіз жүргізушінің күш көрсетіп, тонап кеткенін хабарлаған.
Полицейлер алдын ала тергеу барысында тонаушының өз құрбандарын химиялық қоспасы бар белгісіз зат себілген орамалмен тұншықтырғанын анықтады. Осының салдарынан тұрғынның тыныс жолдары зақымдалған, кішігірім күйік алған. Күдікті әйелдің ұялы телефоны мен 5-6 мың теңгесін қолды қылған. «Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Қарасай ауданының полиция қызметкерлері жапа шеккен әйелдің жүрген жолы мен көшедегі бейнебақылау камераларын жіті тексерді. Арыз берушінің айтуымен күдікті азаматтың фотороботы жасалды және өзге де тиісті жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде автокөліктің түсі мен маркасы анықталды және күдікті ұсталды. Күдікті көршілес Іле ауданының 23 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды»,- деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшыларының ақпаратына сәйкес, жапа шеккен әйел өзіне күш көрсеткен азаматты бірден таныған. Тонау кезінде күдікті әйелді қорқыту мақсатында сірке суын қолданғаны әшкере болды. «Адам тонау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстысы бары тексеріледі»,- деп толықтырды облыстық полиция өкілдері.
Сол үшін тіркелмеген таксимен алыс жолға шығарда өте сақ болыңыздар!