Талапкерде Жанболат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды, Алматыда белсенділер қаралы жиынға жиналды
Главные вкладки
13 қарашада Ақмола облысы Талапкер ауылында бірнеше күн бұрын астана маңындағы Көктал ықшам ауданында төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, мерт болған 17 жастағы Жанболат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды.
Жерлеу рәсіміне ауа райының суық болғанына қарамастан 200-ден астам адам келіп қатысты. Басқа аймақтардан келгендер де бар.
Жерлеу рәсімі кезінде сөйлеген қоғам белсендісі Балташ Тұрсымбаев "Қазақ халқы елін, жерін сүйген ұлдарынан айырылып жатыр. Оның себебі тереңде жатыр. Себеп - қандықол, ұры биліктің әрекеті" деді.
Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы: "Бұл ауыр қаза. Бірнеше күн бұрын ғана осы жерде Жанболатпен кездескен едім. Әкесінің басына ескерткіш тақта орнату үшін жиналғанбыз. Ұстамды, сабырлы, арлы бала. Кез келген төбелеске кірісе кететін бала емес. Сол себепті ресми мәліметке сенбеймін" деді.
Жанболат Ағаділ - биыл ақпан айында Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы. Кіші Ағаділдің өлімі туралы хабардан кейін бірнеше қалада белсенділер биліктен әкелі-балалы Ағаділдердің өлімін ашық тергеуді талап еткен.
13 қарашада күндіз Ақмола облысында Ағаділді жерлеу рәсімі өтіп жатқан кезде Алматы қаласында белсенділер Шоқан Уәлиханов атындағы алаңға келіп, әкелі-балалы Ағаділдердің өліміне билікті кінәлады. Елде белсенділерді қудалау әлі де жалғасып жатқанын айтты.
Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасының өкілі Айдар Есенбеков және қала прокуратурасының өкілі Жандарбек Сұлтанбеков "шараның заңсыз" екенін айтып ескерту жасады. Бірақ белсенділер "бұл митинг емес, қаралы жиын" деп тараудан бас тартты.
Полиция 10 қараша күнгі төбелеске байланысты "Адам өлтіру" және "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. 12 қарашада ішкі істер министрлігі адам өлтіруге қатысы бар күдіктілер ұсталды деп хабарлаған.
Төбелестің нақты неден шыққаны айтылмайды. Полицияның ақпаратынша, Талапкер ауылының 20 шақты жігіті Көктал ықшам ауданында тұратын кәсіпорын жұмысшыларына "мәселені шешу үшін" барған. Марқұмның жақындары осыған дейін Азаттыққа Жанболат Ағаділдің үш жерден - шынтақ тұсы, қабырғасы және жүрегінен пышақ жарақатын алып, мерт болғанын айтқан.
Ақпан айында Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған Дулат Ағаділ өлімінен кейін Қазақстан қалаларында наразылық шаралары өтіп, оған қатысқандар белсендінің өліміне билікті айыптаған. ІІМ "Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдеген. Марқұмның туыстары биліктің нұсқасына күдік келтіріп, ашық тергеуді талап еткен. Ал прокуратура белсенді өлімінен кейін ашылған қылмыстық істі жапқан.