"Талғат Мұсабаев қолымнан ұрды": Бойжеткеннің айыптауына ғарышкер жауап берді
Главные вкладки
Парламент сенатының депутаты, ғарышкер Талғат Мұсабаев қол көтерді деп өзіне айып таққан бойжеткенге қатысты жайтқа пікір білдірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Кеше саябақта жолдасым екеуіміз серуендеп жүргенде алдымыздан ит ұстап бір қыз шықты. Ол тура жүгіретін жолмен жүрді. Мен иттің тұмылдырықсыз болғанына ескерту жасадым. Себебі басқа адамдарға қауіп төнуі мүмкін. Соған дөрекі жауап берді. Ол туралы өзі де әлеуметтік желідегі парақшасында жазды", - дейді Талғат Мұсабаев.
Бұл жайттан кейін бойжеткен полиция шақырған, ғарышкер тәртіп сақшыларын күткен.
"Мен жағдайдың мән-жайын түсіндіріп, заң бойынша өзімді қорғауға дайын болдым. Ішкі істер министрлігінің екі өкілі – полицейлер келгеннен кейін қажетті түсініктеме бердім. Арыз жасаған қыз да бәрін айтты. Менің тарапымнан қандай да бір құқыққа қайшы әрекеттер, соның ішінде дене жарақаты туралы шағым болған жоқ. Оған қоса, ол қыз қолын созып, бізден кешірім сұрады", - дейді Талғат Мұсабаев.
Сонымен қатар, сенатор "жұдырық ала жүгіргені" туралы айыптардың еш негізі жоқ екенін мәлімдеген. Еске сала кетсек, бұған дейін елордалық ару өзіне сенат депутаты Талғат Мұсабаевтың шабуыл жасағанын айтқан еді.
Айғақ ретінде ол жанжал кезінде түсірілген ғарышкердің фотосын жариялады. Астана полиция департаменті ит қожайыны мен тұрғынның арасында жанжал болғанын растап отыр. "Осы жылдың 24 маусымында сағат 17:22-де 102 нөміріне Момышұлы көшесіндегі Триатлон саябағында ер адамның қызды ұрып, дөрекі сөйлегені туралы қоңырау түсті.
Оқиға орнына автопатруль жіберілді. Ер адам мен ит иесінің арасындағы жанжалдың төбетті тұмылдырықсыз серуендетуге байланысты туындағаны анықталды. Аталған факті бойынша тексеріс жүргізілуде", - дейді полиция департаменті.