Тапаншамен түсірілген әзіл бейнежазба үшін төлебилік жігіттер жауапқа тартылды
Главные вкладки
Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде “Instagram” қолданушыларының бірінің парақшасында жарияланған бейнежазбаға назар аударды. Онда жас жігіт қолына екі бірдей тапаншаны ұстап, боғауыз сөздерді айтқан. Сондай-ақ бейнежазбада басқа да азаматтардың дауыстары естіледі.
Полиция қызметкерлері аталған жазба бойынша жедел іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Төлеби аудандық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері бейнежазбаны түсірген жігіттердің Төлеби ауданы Леңгір қаласының жергілікті тұрғындары екенін анықтады. Олар ойыншық тапаншаны ұстап, “ВАЗ 21014” маркалы көлігінің артқы жағында тұрып бейнежазбаны түсірген. Содан соң желідегі жеке парақшасына жариялаған.
Полиция қызметкерлері үш жігітке де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдағы уақытта мұндай жағдай кезекті рет қайталанбасы үшін уәделерін алды. Сонымен қатар жергілікті тұрғынның парақшасындағы аталмыш бейнежазба өшірілді.
– Құрметті Төлеби ауданының тұрғындары, 2021 жылы ақпан айында “Instagram” желісінде таралған бейнежазба бойынша кешірім сұраймын. Ондағы тапанша қару емес, ойыншық. Біз бұл бейнежазбаны қылмысқа шақыру мен насихаттау мақсатында емес, достардың арасында әзіл үшін түсірген болатынбыз, – деп ақталды үш жігіт.
Облыс полицейлері ескертеді: құрметті тұрғындар, әлеуметтік желіде кез келген жарияланымды жариялауда оның мазмұнына және көрінісіне мән беріңіз. Сонымен қатар ата-аналарға ескерту, өз балаларыңызға әрбір қылмыс немесе құқықбұзушылықтың салдары заңға сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертіңіз.