Тіркеп үлгеріңіз!

Главные вкладки

дек 04, 2018 / 0 комментарии

Жылдың аяқталуына санаулы күндер қалды. Осы уақыт ішінде телефоныңызды тіркеп үлгермеген болсаңыз – 2019-дың бірінші қаңтарынан қызмет көрсету аясынан тыс жердегі абоненттер қатарына кіресіз. Әрине, бүгінде ұялы байланысқа үйренгеніміз соншалықты, онсыз үйден шығып кете алмайтын халге жеткеніміз рас. Сол себепті,  Сіздің қауіпсіздігіңіз үшін қолға алынған бұл науқанға немқұрайдылық танытпағаныңыз абзал.

 Сонымен, ендігі кезекте ұялы телефондарды жіті қадағалау арнайы құзіретті органдардың жұмысы болмақ. Енді, байланыс құралын жоғалып немесе ұрлатып алған жағдайда қауіпсіздік қызметінен жедел тауып алуға болады. Ол үшін Сіз тек IMEI-кодын ЖСН-мен байланыстырып қойсаңыз болғаны. Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, бұл жүйені іске қосу телефон ұрлығын азайтады.

Телефон ұрлығы демекші, ресми деректерге қарағанда, еліміздегі бұған қатысты статистика үрейлі. Онда Қазақстанда жыл сайын 30 мың телефон жоғалса, соның 80 пайызы табылмайтындығы айтылған.

Бұл мәселенің өзектілігін Қарасай ауданының полицейлері де растап отыр. Олардың берген мәліметінше, осы жылдың он айында аудан аумағында 601 телефон ұрлығы тіркелсе, олардың 60,5 пайызы, яғни, 374 қылмыс ашылмай қалған. Оның басты себебі ретінде тәртіп сақшылары ауданның алып мегаполис Алматыға өте жақын орналасуын алға тартады. Яғни, сұғанақтар олжасын дереу қаланың сауда орындарына апарып саудалап жіберулері әбден мүмкін. Ал, жалпы ұрлық негізінен қоғамдық көліктерде, адамдардың таңғы және кешкі жұмысқа баратын немесе қайтатын кездерде жиі орын алады екен.

Енді, қазіргі науқан кезіндегі IMEI- кодты ЖСН-мен байланыстыра тіркеудің нәтижесі қалай боларын алдағы уақыт көрсетпек. Бұл ретте тиімді тұсы ретінде ұрланған кезде байланыс операторынан ажыратуды айтуға болады. Ал әккі ұрылар телефонды бөлшектеп сатып пайдаға жаратса қайтпекпіз? Бұл үлкен сұрақ...

Сөз соңында айта кетейік, телефонды өзіңіздің атыңызға тіркеу қиын шаруа емес. Ол үшін ұялы байланыс операторларының кеңсесінде сағаттап кезекте тұрып, дүрлігудің де қажеті жоқ. Абонент өзіне қызмет көрсететін байланыс операторына жеке сәйкестендіру нөмірін(ЖСН), ал заңды тұлғалар бизнесті сәйкестендіру нөмірін (БСН), IMEI-кодпен қоса жіберуі керек. Немесе қазірдің өзінде операторлардан келіп жатқан хабарламаны мұқият оқып, сұраған мәлімет торкөзін толтырсаңыз болғаны. IMEI-код төрт жерде көрсетіледі: құрылғының өзінде (пернетақтадан *#06# теру арқылы көресіз), батареяның астында, қаптамада және кепілдік картасында. Тіркеу тегін жүргізіледі. Бала кәмелет жасына толғанша құрылғы ата-анасының атына тіркеліп тұрады.