Түркістанда әлемде теңдесі жоқ "ұшатын театр" ашылмақ

Главные вкладки

апр 14, 2021 / 0 комментарии

Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында орналасқан "Керуен сарай" туристік кешенінде әлемде теңдесі жоқ "ұшатын театр" ашылады деп хабарлайды Kaskelen.kz.

Жоба авторларының айтуынша, қиял-ғажайып орталық Самұрық құстың жұмыртқасына қатысты халық аңызына негізделген. Ал аңыз бойынша, бәйтеректің бұтағындағы ұясына киелі Самұрық құс күн бейнелі алтын жұмыртқа салған. Дәл осы алтын түсті алып жұмыртқа келбетіндегі ерекше театрда Бәйтерек сияқты сиқырлы ертегілер еліне, қазақ халқының тарихына жаңа технологиялардың көмегімен 8 D форматта әсерлі саяхат жасауға болады. Еліміздің өткені, бүгіні мен келешегінің көрінісі де осы театр-музейде көрсетілмек. Айта кетейік, 10 сәуірде Түркістан қаласында Орталық Азиядағы ең ірі көпфункционалды туристік кешенінің ашылу рәсімі өткен еді. 

Инвестициялық жобаны "Turkistan Tourism City" компаниясы іске асырған, кешеннің құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталған еді. "Керуен сарай" деп аталатын нысан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қарама-қарсы "Әзірет Сұлтан" мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 га аумақта орналасқан. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, "ұшатын театр", ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді.