Түркістан облысында 15 жасар қыз ата-анасымен сөзге келіп, үйінен кетіп қалған
Главные вкладки
Түркістан облысында жоғалған 15 жастағы қыз бала екі күннен кейін табылды деп хабарлайды Қазақпарат.
Түркістан облыстық полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, Арыс аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Әйелдің сөзінше, оның 15 жастағы қызы мектептен тісімді емдетемін деп сұранып кетіп, содан із-түзсіз жоғалған. Ата-анасы өздігінен 2 күн бойы іздеп, таппағаннан кейін тәртіп сақшыларынан көмек сұраған. Аталған хабарламаны алысымен полицейлер бірден іздеуге кіріседі. Тәртіп сақшылары көрген-білгендерден қыз баланы сұрастырып, баруы мүмкін жерлер мұқият тексеріледі. Достарынан, туыстарынан жауап алынады. Сонымен қатар, жақын аумақтағы аулалар қаралған. Жан-жақты 2 тәулік бойы жүргізілген іздестіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлерінің Арыс қаласының көшелерінің бірінен қызды тауып, ата-анасына аман-есен табыстағаны белгілі болды.
Тексеру барысында, жасөспірім қыз отбасылық кикілжіңнен қашып, бірнеше күн қаладағы аулалардың бірінен жасырынатын қуыс тауып алып, сонда далада қонып келгенін жасырмаған. Қазіргі уақытта оқушы қыздың ата-анасына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабымен шара көру мәселелері қаралуда. Одан бөлек, 15 жастағы бойжеткеннің бұдан алдында бір рет үйінен кетіп қалғаны айтылды.