Тәуелсіздікке арналған тағылымды басқосу
Главные вкладки
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған тағлымы мол жиындар елімізде басталып та кетті. Сондай іс-шаралардың бірі Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында да ұйымдастырылды, деп хабарлайды Kaskelenkz желілік басылымның тілшісі.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты халықаралық онлайн-конференцияның өтуіне Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығы ұйытқы болды.
Шараның мақсаты – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын дәріптей келе, ондағы негізгі бағыттарды ғалымдардың пікірі арқылы талқылап, жастар арасында кеңінен насихаттау еді.
Конференцияға Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова бастаған аудан белсенділері, жетісулық жастар қатысып отырды. Сондай-ақ, «ZOOM» платформасы арқылы шетелдік ғалымдар да байланысқа шықты.
Жиын тізгінін Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Сапаров ұстады.
Шара барысында шетелдік ғалымдар Қазақстанның сыртқы саясатының жұмысын жоғары бағалады. Атап айтқанда, елдің тарихын Түркия елінің ғалымы, PhD доктор, Нигде Өмер Халисдемир Университеті Еуразия зерттеулері кафедрасының меңгерушісі Тургай Дүген кеңінен түсіндірді. Өз сөзінде ол ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың қуатты Қазақстан қалыптастыру жолындағы ерен еңбектеріне баға берді. Түркиялық ғалымның айтқанын модератор Елдар Сапарұлы да қолдап, ел Тәуелсіздігін алғаш мойындаған Түркиямен халықаралық ынтымақтастық одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Қырғызстандық тарих ғылымдарының докторы Назира Құрбанова қазақ пен қырғыздың бауырластығы жайлы өз ойын айта келе, 30 жыл ішінде Қазақстанның жеткен жетістігіне кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, конференцияға арнайы шақырылған еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы Күләш Амирова да Елбасының ел егемендігі жолындағы ерен еңбегін ерекше әсермен тілген тиек етті.
Жалпы, Тәуелсіздік пен Елбасы ұғымы қашанда қатар айтылатыны анық. Себебі бүгінгі дербес мемлекетіміздің әр жетістігі мен жеңісінде Тұңғыш Президенттің қолтаңбасы бар екені айқын...