ШҚО-ның Зайсан ауданында белгісіз қауіпті індеттен мал қынадай қырылып жатыр

Главные вкладки

Май 14, 2021 / 0 комментарии

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданы Шілікті ауылында төрт түлік мал белгісіз індеттен жаппай қырылып жатыр. Өңірде тек 28-ші сәуір мен 12-ші мамыр аралығында 12 бас ірі қара мен 100 бас ұсақ мал өлген. Бүгінде облыстық ветеринария басқармасы мәселенің мән-жайын анықтап жатыр деп жазады altaynews.kz. 

Басылымның мәліметінше, малдардың жаппай қырылуы облыстық деңгейде өткен тікелей эфир барысында белгілі болған. Өңірлік ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдиннің айтуынша, қазіргі таңдаШілікті ауылдық округіндегі 17 азаматтың 100-ге тарта ірі қара малы мен 110 бас қой мен ешкісінің белгісіз індетке шалдыққаны анықталған. Бүгінде округ ветеринарлары халықпен бірлесе отырып малды емдеу жұмыстарын қолға алған. Сонымен бірге ауыл аумағын тексеру барысында, 12 бас ірі қара малдың, оның ішінде 7 бас бұзау, 5 бас ірі қара, 1 бас қозының өлекселері табылған. Мамандар 1 қозы мен 1 бұзаудың патологиялық материалдарын тексеріске алдық дейді. 

"Аталған ауылдық округтегі барлық мал басы қыс мезгілінен көтерем шыққан. 25-28 сәуір аралығында ауа температурасының төмендеп, қар аралас жауын жауды. Осыған байланысты әлсіреген малдар қолайсыз ауа райы салдарынан өліп жатыр. Ауырған малдардан патологиялық сынамалар алынып, облыстық зертханаға тапсырылды", - дейді ШҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин.

Басылым таратқан мәліметке сәйкес, бүгінгі күні аталған ауылдық округтегі мал саны 10 жарым мың бас ірі қараны, 24 мыңнан астам ұсақ малды, 52 мың жылқы мен 2343 құсты құрап отыр екен. Ауыл тұрғындары малды жыл бойы жайылымда жаятын көрінеді.

Сондай-ақ ведомство өкілдері биылғы жылы мал арасында нодулярлық дерматит, эмкар, құтыру, сібір жарасы, жұқпалы жылқы ауруларына қарсы уақтылы екпе салу жұмыстары жүргізіліп, ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар толық көлемде жүргізілді дейді.