Щучинскте ішінде аяғы ауыр әйел отырған жедел жәрдем көлігіне оқ атқан
Главные вкладки
Ақмола облысы Щучинск қаласында бәзбіреулер ішінде аяғы ауыр әйел бар жедел жәрдем көлігіне оқ атқан. Оқиға 11 сәуір күні кешкі уақытта болған деп хабарлайды Kaskelen.kz тілшісі Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Оқыс оқиға жексенбі күні шамамен сағат 22:10-да болған. Бурабай ауданының жедел жәрдем станциясына тиесілі көлік Щучинсктегі Шоссейная көшесіндегі шақырту орнынан келе жатқан. Медициналық көліктің салонында жүргізуші, екі фельдшер мен 26 жастағы аяғы ауыр әйел болған. "Науқасқа қаупі төніп, сондықтан жедел ауруханаға жатқызу қажет болды. Жүргізуші жолда қарудың дауысына ұқсас дыбыс пен әйнектің сынған дыбысын естіген. Көлік тоқтағанымен медициналық қызметкерлер ешкімді көрмеген. Бүйір жақ терезесі сынған. Әйелді ауруханаға жеткізді, оның жағдайы тұрақты. Бірақ барлығы болған жағдайдан есеңгіреп қалды", - дейді облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Александр Высоцкий.
Осыдан кейін медицина қызметкерлері полицияға арыз түсірген. Бас дәрігердің сөзінше, тәртіп сақшылары тергеу жүргізіп жатыр.