Қазақстанда көлік арзандауы мүмкін
Главные вкладки
Таяуда ғана ел президенті Тоқаев қазіргі таңда көліктердің утилизациялық алымын жинайтын «Оператор РОП-тың» функцияларын қайта қарастыруды тапсырған еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваға қатысы бар бұл ұйымға тықыр таянғанына көпшілік қуанды. Дегенмен, олардың көбі мәселенің түпкі байыбына барып, жете түсінді деп айту қиын. Ал, осы видеода біз толығырақ ақпарат беруге тырысамыз. 2016 жылы елімізде утилизациялық алым енгізілді. Ондағы мақсат – экологияны жақсарту мен отандық автопаркті жаңарту болды. Дегенмен, бұл реформа өзін ақтаған жоқ. Мысалы, 2016 жылдан 2018 жылға дейін жаңа көліктердің саны 416 мыңға азайды. Ал 5 жылда отандық автопарк 72%-ға ескіріп, көлік бағасы шарықтап кетті. Утилизациялық алымның базалық мөлшерлемесі айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) белгіленеді. Оның көлемі де жыл сайын өсіп отырады. Мысалы, 2021 жылғы 1 қаңтарда АЕК 2 917 теңге болды. Алымның базалық мөлшерлемесі 50 АЕК. Ол 145 850 теңгеге теңгеге тең. Осы жылы қозғалтқыш көлемі 2,5 литр болатын Toyota Camry Қазақстанға кіргенде төленетін утилизациялық алым мөлшері 1 млн 458 мың 500 теңге болса, ал 3,5 литрлік көлікке 3 млн 354 мың 550 теңге төлеу керек. «Шетелден әкелінген көлікті тіркеу үшін 5 негізгі алымды төлеу керек: кедендік рәсімдеу, утилизациялық алым, көлікті алғашқы есепке қою алымы (первичное регистрация), еуростандарт сертификаты (көлік Еуро-4, Еуро-5 стандартына сай келуі тиіс), мемлекеттік нөмірді сатып аларда төленетін алым. Қоғам белсенділері осы утилизациялық алымды мүлдем алып тастау керек дейді. Себебі, жеңіл көліктер қоршаған ортаға көп зиянын тигізбейді. Ал ауыр жүк көліктері үшін бұл алымды шекті мөлшерде белгілеу қажет деген уәж айтты. Сондай-ақ, елімізде сырттан келген көлікті алғашқы есепке қою алымының да көлемі өте жоғары, тіпті утиль алымымен бірдей: орта есеппен алғанда – 1,5 миллион теңге шамасында. Әлбетте, мұны қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Бұның да шекті деңгейін Ресейдегі шамамен қою керек дейді сарапшылар. Онда алғашқы есепке қою алымының мөлшері өте төмен. Қазақстанда да ең көп дегенде 100 мың теңге айналасында белгілеу қажет. Одан кейін техрегламент деген ойдан құрастырған кедергі бар. Оған сәйкес қазір Еуро-4, Еуро-5 стандарттарына сәйес сертификат алуымыз керек. Ресейліктердің өздері тұтынбайтын, ойға сыймайтын стандарттар ойлап тапқан. Оған қазіргі таңда 500 мың теңге шамасында ақша кетіп отыр. Осындай кедергілер алынып тасталса, жеңіл көліктің бағасы шамамен кемінде екі есеге арзандауы мүмкін. Яғни, қазір 12-13 миллион теңге тұратын көліктер әрі кеткенде 5,5-6 бес миллион теңгеге түседі деген болжам бар. Тақырыпқа қайта оралайық. Сонымен, оператор РОП функциялары енді мемлекеттік ұйымға тапсырылды. Үкіметтің қаулысына сәйкес, бұл жұмысты «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымы атқарады. Бұл нені білдіреді? Яғни, утилизациядан түскен қаражат енді жеке қалтаға емес, бюджетке құйылады. Енді осы қадамға барған үкімет утилизациялық алым құнын арзандатуды қолға алса, әр қазақстандықтың салдырлаған қаңылтырдан, жылы, жұмсақ, жаңа көліктерге ауысатын кезі алыс емес. Солай болады деп сенеміз де!