Қазақстан Республикасы бұқаралық ақпарат өкілдеріне ақпараттық хабарлама

Главные вкладки

дек 02, 2020 / 0 комментарии

2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын тағайындауға байланысты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі келесіні хабарлайды.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес эфир мен баспа алаңын берудің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер тиісті бұқаралық ақпарат құралдары сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталғанға дейін бес күннен кешіктірмей (2020 жылғы 4 желтоқсаннан кешіктірмей) хабарлануға және жариялануға тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдары үміткерлердің агитациялық материалдарын орналастыруға, таратуға эфир уақыты мен баспа алаңын ақы төлеу мөлшері, эфир мен баспа алаңын ұсыну шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді жариялағанға дейін ұсына алмайды (Осы норманы бұзу лауазымды тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде, заңды тұлғаларға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады).

Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша эфир мен баспа алаңын берудің мөлшері, шарттары мен тәртібі  туралы мәліметтер - Орталық сайлау комиссиясына, мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде аумақтық сайлау комиссияларына берілуге тиіс.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 11-тарауында сайлау құқықтарына қол сұғатын құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Бұл ретте, Министрлік бұқаралық ақпарат құралдары жиі бұзатын, бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделетін Қазақстан Республикасы сайлау заңнамасының бірқатар нормаларына назар аударады:

  • Кандидатты, саяси партия ұсынған партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін, сайлау болатын күні не оның қарсаңындағы күні сайлау алдындағы үгітті жүргізу, сондай-ақ республикалық референдум өткізілетін күні не оның қарсаңындағы күні үгіт жүргізу (ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 102 бабы (бұдан әрі - Кодекс);
  • Бұқаралық ақпарат құралдарының кандидаттың немесе саяси партияның абыройына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрінеу нұқсан келтiретiн үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялауы, сондай-ақ аталған тұлғаларға абыройын, қадiр-қасиетiн және iскерлiк беделiн қорғауы үшін теріске шығаруды тегін жариялауына мүмкіндік беруден бас тарту (Кодекстің 112-бабының 2-бөлігі);
  • Кандидаттардың теледидар мен радиода сөйлеп жатқан сөздерін бөлу және сөйлеген сөздерінен кейін іле-шала, сондай-ақ баспа басылымдарындағы сөздеріне сол бір нөмірде түсініктеме жасау (Кодекстің 112-бабының 3-бөлігі);
  • Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пiкiрге сауал салу нəтижелерін, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер нəтижелерінің болжамдарын жариялау тəртiбiн бұзуы, атап айтқанда сауал салуды жүргізген заңды тұлғаны, сауал салуға тапсырыс берген жəне оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал салу жүргізілген уақытты, ақпарат жинау əдісін, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандар санын жəне сауал салу нəтижелерінің қателік коэффициентін көрсетпеу (Кодекстің 120-бабының 1-бөлігі).

Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттардың, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттардың сайлау алдындағы үгітін қамтитын бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жарияланымдары қаржыландыру көздері туралы ақпаратты қамтуға тиіс екенін қосымша еске саламыз (Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті, мәслихаттары депутаттарының, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асырудың және оны ақпараттық қамтамасыз етудің қағидаларының 22-тармағы).

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.

Осылайша, сайлау алдындағы үгіт 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18:00-ден кейін басталып, 2021 жылғы 9 қаңтарда жергілікті уақытпен сағат 00:00-де аяқталады.