ҚАПШАҒАЙҒА КЕЛ!

Главные вкладки

Май 24, 2021 / 0 комментарии

Қазіргі уақытта елімізде ішкі туризмді дамыту қолға алынып жатқаны қуантады. Солардың қатарында Алматы облысы да бар. Жетісу жерінің  көз тоймас көрікті жерлерінде демалыс нысандарының саны артып, келетін туристер де жыл сайын көбейіп келеді. Ал туризмі дамыған өңір бюджетінің бүйірі толық болатыны да белгілі.

Біз бүгін көрікті қала Қапшағай туралы айтпақпыз. Ондағы демалыс нысандары туралы Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет айтып берді:

«Бүгінгі күнге дейін қаланың туризмін дамытуда бірқатар жұмыстар атқарылды. Алтыншы және жетінші жағажай абаттандырылды, келешекте сегізінші жағажайды абаттандыру жұмыстары жоспарлануда. Жалпы сомасы 1,6 млрд.теңгені құрайтын жоба бойынша  50 гектар жер абаттандырылады. Сонымен қатар, жеке инвесторлардың күшімен, жоба сомасы 450 млн. теңгені құрайтын  «Комфорт» демалыс орны ашылып, 40 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қапшағайдың солтүстік жағалауында үшінші кезеңнің абаттандыру жұмыстары аяқталды. Сол жағалауда жеке инвесторларыдың күшімен «Алматы» демалыс орны жұмысын бастады. Құны 300 млн. құрайтын «Көлдегі аквапарк» деген жобамыз аяқталды". 

 

Қапшағайда 176 демалыс нысаны бар, былтыр оның 85-і ғана жұмыс істеген. 2018 жылы Қапшағайда 800 мыңға жуық адам демалған. Ал былтыр карантиндік жағдайға байланысты келушілер саны азайған екен. Жалпы биылғы жылы 900 мың адамға дейін қабылдау жоспарлануда. 

 

 

Қапшағайдағы жоғары деңгейлі демалыс орындарының бірі қаланың оңтүстік-батысында орналасқан «AQ JAIYQ» демалыс кешені. 

 Біз барғанда бұл база әлі қонақтарын қабылдай қоймапты. Шомылу маусымы жаз басталысымен, яғни 1 маусымда басталады.

 

 «AQ JAIYQ» жобасының құны 550 млн. теңгені құрайды. Жалпы құрылысын 2022 жылы толық аяқтау жоспарларған. Қазір қонақүй құрылысы жүргізіліп жатыр.

Мұнда демалушыларға жан-жақты жағдай жасалған. Ашық акваторий, балалар, спорт алаңдары, жазғы кафелер, балалар бассейні, қазақүйлер, шатырлар, жазғы үйшіктер (бунгало) де бар. Айналасы толық абаттандырылған. Көлде серуендеуге арналған катамарандар да осында. Экстримді жақсы көретіндер үшін винсерфинг те ұйымдастырылады. 

 

Әрине, демалыс аймағында келушілердің денсаулығына аса назар аударылады. Мұндай арнайы медпункт мен қажет жағдайда ауруханаға жеткізетін «жедел жәрдем» қарастырылған.

Сонымен қатар қазіргі пандемия кезінде демалушылардың қауіпсіздігіне де баса назар аударылады.  Келген адамдардың дене қызуы тексеріліп, үнемі дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп тұрады.

 

 

 

Нұргүл ӘЛМЕНБЕТОВА

Kaskelenkz

 Пресс-тур Алматы облыстық "Жетісу медиа" орталығының ұйымдастыруымен өтті. 

Суреттер AQJAIYQ_QAPSHAGAI инстапарақшасынан алынды