Қарасай батыр ескерткішінің орнатылуы
Главные вкладки
Қарасай Алтынайұлы — Жетісуда жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғыста қол бастаған батыр. Алатау бөктерінде туып өскен. Ұлы жүз Шапырашты тайпасының Есқожа руынан. Қарасай батыр Қарғалы, Ұзынағаш, Қастек, Жиренайғыр, Ырғайты өзендері бойындағы, Қарақия, Ақтасты, Сарыжазық, Суықтөбе тауларындағы ұрыстарда жау шебін бұзып, суықтөбе басына туын тіккен.
1629 жылы жазда Шапырашты қолы Жайық бойынан шаршап келіп, тыныстаймыз ба деп Асы (Алматы облысы) жайлауында жатқанда, ойраттардың олжалап кете салу мақсатымен қараша айында Іледен өтіп шабуыл жасауы Қарасайды атқа мінгізді. Қарасай аяқ-астынан басталған ұрысқа екі мың қол жиып, осы қазір Қарасай ауылы тұрған ойпатта ойрат тайшысы Банжұрды тас талқан етті.
Қоян-қолтық айқаста көбі қырылған қалмақтар Іледен қайта өтуге мұршасы келмей, Сөгетіге қарай қашты. Ақыры, жау тұмсығы Торайғыр тауына тірелгенде, келген мыңдай қолдан басы Банжұр болып тігерге тұяқ қалмады. Ең соңғы екі қалмақты Байынқол жағасында ұстап, екеуін қара есекке теріс мінгізіп, таңып қалмақ ауылына қарай айдап жібереді. Ұрыс болған жер (ауыл) Қарасай атымен аталды.
Әйгілі Сүйінбай жыраудың:
“Қарасай халқы үшін атқа мінді,
Шыдамай жауыздыққа неше түрлі, ”
дейтіні, немесе:
“Сол қуғаннан қуылды Шудан бастап,
Қалмақ қашты баласын, малын тастап.
Әйеліне қарауға шамасы жоқ,
Келіп еді о баста жерді ластап, - деп суреттейтіні Қарасай батырдың осы соғыстағы ерлігіне орай айтылған.
Ал Қарасай батыр ескерткіші аудандық әкімнің тапсырысымен 2006 жылы Қаскелең қаласында Қарасай батыр рухына арналып орнатылған. Мүсін авторлары Қазбек Жарылқапов, Нұрлан Даубай. Тарихи деректер Қарасай аудандық тарихи - өлкетану мұражайында сақталған. Биіктігі 6 м 34см, тастан жасалған.