Қаскелеңдегі ХҚКО "базар" боп кеткен ба?

Главные вкладки

Feb 28, 2020 / 0 комментарии

Редакциямызға бұл жолы жеке кәсіпкерлер хабарласты. Олар  Қарасай аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының ішінде заңсыз дүкен ашылып, саудасын жүргізіп отыр деп шағымданды.  

Шағымның қаншалықты орынды екенін білу үшін біз халыққа қызмет көрсету орталығына  арнайы бардық.  Дүкеннің қаншалықты заңды түрде істеп жатқанын білу үшін иесін әңгімеге тарттық.

Саудагермен әңгіме барысында дүкен жақында ашылғанын, сондай-ақ жеке кәсіпкер талапқа сай кассалық аппарат орнатпағандығын, яғни тұтынушыларға фискалды чек бермейтіндігі анықталды.  Сонымен қатар, оның қолдан пісірілген жеңіл тағам өнімдерін сатуға да рұқсаты жоқ көрінеді.

Ғимарат ішінде құжаттардың көшірмесін жасап жатқандар да тұтынушыларға фискалды чек бермейтін болып шықты.  

Мемлекеттік  мекеме ғимаратында сауда жасап отырған кімдер екенін білу мақсатында біз орталық басшысына жолығуды жөн көрдік.   Жеке кәсіпкер мен халыққа қызмет көрсету орталығы арасыда жасалған келісімшартты сұрадық.  

ХҚКО басшысы Шыңғыс Сәмбетбайұлы мен сұхбаттасқан  соң біз 1-ші қабатқа қайта түстік. Байқағанымыз, түске дейін саудасын дөңгелетіп отырған дүкен тез арада жабылып қалыпты.

Жоғарыда келіскендей, біз Халыққа қызмет көрсету орталығы мен жеке кәсіпкерлер арасындағы келісімшартепен танысу үшін редакция атынан арнайы сұраныс жолдадық. Хатымызға араға бір аптадан астам уақыт өткенде жауап келді. Халыққа қызмет көрсету орталығына қайта бардық. Бір қызығы, мемлекеттік тілде жолдаған хатымызға жауапты орыс  тілінде алдық.

Келісімшарт 2020 жылдың 6-шы ақпапында рәсімделген екен. Хатта көрсетілген мәтінге сәйкес тендер Е-SAUDA арнайы  интернет-порталында жүргізіледі.  Нәтижесінде тендерде жеңген адаммен жалға алу келісімшарты жасалады.  Яғни, Қарасай аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында отырған барлық кәсіп иелерінің қолында келісімшарт бар делінген.  

Дегенмен, аталған құжат көшірмесін қолымызға ұстауға рұқсат берілмеді. Тек көз жүгіртіп танысып  шықтық.  Байқағанымыз, онда сауда иесі не сатып, не сатуға болмайтындығы көрсетілмеген.   

Алдағы  уақытта халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратында жұмыс жасап отырған сауда орындарының барлығы аталған олқылықтарды жойып, тәртіп пен ережеге сай жұмыс істейді деп үміттенеміз.

 Нұргүл Әлменбетова 

Толық сюжетті Kaskelenkz ютубарнасынан көре аласыздар: