Қаңғыбас ит аулауға бөлінген қаражат қалай жұмсалуда?
Главные вкладки
Ит адамның досы деген мәтел ежелден бар. Дегенмен кей жағдайларда төрт аяқты досымыздың иттік жасайтын кездері де жоқ емес. Алайда, бүгінгі біздің айтпағымыз бұл емес. Жыл сайын иесіз, қаңғырып жүрген иттерді аулау үшін мемлекеттен бірқатар миллиондар бөлінетінін білесіз бе? Ол қаражат қаншалықты дұрыс игеріліп жатыр? Еріктілер қандай заң бұзушылықты анықтады? Дерек пен дәйек көрсетілген арыз-шағымға неге ешкім құлақ түрмейді? Үйде туып, кенеттен қаңғыбас атанатын азулылардың санын азайту үшін алда не істеуіміз керек? Біз бүгін осы сауалдарға жауап іздеп көрмекпіз!
Иә, бұл сюжет бір күн немесе бір аптада дайын болған жоқ. Себебі, мәселенің байбына бару үшін барлығын өз көзімізбен көруге бел будық. Жалпы, осы тақырыпты көтеруімізге еріктілердің қаққан дабылы ссебеп болды.
Алдымен мына мәселені нақтылап айта кетелік. Әр өңір, әр ауданда жыл сайын көшедегі иесіз, адам өміріне қауіп төндіретін иттерді аулау үшін қомақты қаражат бөлінеді. Не үшін дейсіз ғой? Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» заңы мен Жергілікті атқарушы органдар жасаған «Қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау және көзін жою ережесіне» сәйкес, көптеген қалаларда ауланған жануарлар изоляторда бірнеше күн болады. Белгілі бір мерзім аяқталғаннан кейін қажетсіз деп табылған жануарлардың көзі жойылады. Барлығының өз ережесі бар. Дегенмен, жануарларды қорғаушылар қазіргі таңда мемлекет тарапынан бөлінген қаражат мақсатты жұмсалмай, кім көрінгеннің қалтасында кетіп жатыр дейді. Себебі, қағаз жүзінде атқарылды деп берілген жұмыстың шын мәнінде еш нәтижесі көрінбейді.
Сонымен қатар «Сенім-Мейірім» қоғамдық ұйымының өкілі Зинаида Тихоновнаның айтуынша, жалпы, қазіргі таңда иттерді қаңғыбас не қаңғыбас емес деп бөлудің еш қисыны жоқ. Себебі, өңірімізде иттердің бірыңғай базасы жасақталмаған.
Журналистік зерттеу жүргізу барысында түсінгеніміз, еріктілердің айыптаулары мен күдігі де орынсыз емес. Бұл мақсатта олар да тиісті мекемелерге сұрау-хаттар жолдап, арнайы мекемелердің есігін қаққан.
Тақырыпқа тұздық болу үшін мынандай ресми мәліметтерге назар аудара кетейік.
2019 жылы Қарасай ауданы аумағындағы қаңғыбас иттерді аулау үшін мемлекет қазынасынан 12 млн теңге қаражат бөлінген. Бұл ақша қалай игеріледі? Аудан көлемінде ветеринариялық-санитарлық хал-ахуалды қадағалауға тиіс аудандық әкімдік жанындағы ветеринарлық станса тарапынан тендер ойнатылады. 2019 жылдың 16 қаңтарында осы байқауда «Андромед» ЖК жеңімпаз болып табылып, басшысы С.Есеновпен арнайы шартқа қол қойылады. Аудан әкімдігі берген ресми жауапта «Андромед» мекемесі, тіпті, облыс көлемінде қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулайтындығы жазылған. Сонымен, аудан бойынша ма жоқ облыс бойынша ма, әйтеуір, 2019 жылдың 8 мамырына дейін аталған жеке кәсіпкерлік 1898 итті аулапты-мыс. Журналдарда барлығы тіркелген дейді. Журналға ғана!!!!
Сөйтіп, жыл басында жасалған шарт күшін жойып, мамырдан бастап Ветстанция өзі 6 адамнан құрылған бір бригаданы жасақтап шығарады. Олардың құрамында 1 бригадир, 1 күзетші, 3 аулаушы және 1 жүргізуші бар делінген қағаз жүзінде.
Әкімдік еріктілерге қайтарған ресми хатта көрсетілген мына сөйлемдерге назар аударайық! Бригада қаңғыбас иттер мысықтарды аулауға арналған автокөлікпен, арнайы киіммен және қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етілген дейді.
Сонымен қатар, хатта жауапты бригадир тіркеу журналын жүргізіп, ауланған иттер мен мысықтарды суретке түсіріп, иснтаграмм желісіндегі парақшаға салып отыр, делінген хатта.
Көкейдегі көп сауалмен аудандық вептеринарлық станса кеңсесіне бас сұққан едік. Бір ескеретіні, ауданымызда ветеринариялық бөлім де бар. Ол ветеринарлық стансаның жұмысын қадағалайды. Басшысы Қадырбек Атшабаровтың бұл қызметке кіріскеніне аса көп болған жоқ. Бәлкім, сол себептен болар, тұщымды әңгіме өрбіте алмадық.
Ерікті Әсел Табановаға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінен келген хатта биылға бөлінген қаражаттың қалай игерілгені жайлы мәлімет берілген. Бұл ресми жауапта біздің назарымызды аударғаны: «Татубай» жеке кәсіпкерлігінен ит ұстау изоляторын жалға алу үшін тамыз-қыркүйек айларында 480 000 теңге бөлінген.Ал, жер иесі бізге әлі бір тиын да алмадым деп айтып қалды. Сонда кім өтірік айтып тұр?
Арнайы киім алу үшін 120 мың теңге жұмсалған. Ал біз жұмысшылардың үстінен тек куртқа қана байқадық.
Аудандық ветеринариялық бөлім есігін қаққанда біз ит аулаушылардың жұмысын бірге барып қадағалауды ұсынған едік. Өкінішке орай, бұл ұсынысымыз қолдау таппады.
Бұл күні олар кестеге сәйкес, Әйтей ауылында болған. Бізді көрген бригада жылдамдықты үдетті. Күзетшіге хабарласып шлагбаумды жапқызды. Дегенмен, изоляторға жаяу беттедік. Жақтырмай қараған жұмысшыларды сөзге тарттық.
Бір қызығы , аулаушылар жаңа аулау құралын алдық деп көрсетті. Ал, халық жіберетін видеоларда жігіттердің қолынан сол баяғы темір құрықты байқайсыз.
Бұдан бөлек, өз көзімізбен көргеніміздей, мұнда семіз ит те, әдемі ит те бар. Олардың иесіз емес екені байқалып ақ тұрған жоқ па? Ал, еріктілер ұсталған иттер кейде не иесіне қайтарылмайды, не изоляторға жетпейді деп неге дабыл қағады? Әлде, мұның арғы түп-төркінінде өзге бір көлеңкелі бизнестің көрігі қызып жатыр ма? Басқа ірі қалаларда анықтпалып жатқан ит етін қорек етушілер мен сатушылар кездейсоқ біздің ауданда да пайда болған жоқ па осы? Әлбетте, бұл мәселе өте күрделі әрі қауіпті және өзінше бөлек әңгіме. Біз оған міндетті түрде қайтып оралатын боламыз.
Міне, сырт көзге түк емес көрінетін ит аулау мәселесі осындай күрделі. Себебі, біздің басты кедергіміз сол – ақша бар жерде былық көбейіп, жауапкершілік азаяды. Сөз соңында мына маңызды жайтқа назар аударғымыз келеді.
Қарасай ауданына іргелес жатқан Алматыда былтыр үй жануарларын піштіру және оларға чип тағу бағдарламасы басталды. Алматы қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасындағылар әлемдік тәжірибеде иесіз жануарлардың бейберекет көбеймеуін қадағалап, олардың санына бақылау жасап отыру үшін мұндай шаралар баяғыдан қолға алынғанын айтады. Басқармадағылардың айтуынша, чип орнату бағдарламасы Алматыдағы үй мысықтары мен иттерінің санын анықтау үшін қолға алынып отыр (бұған дейін қаладағы жануарлардың саны есепке алынбаған). Жақын арада арнайы мәліметтер базасы жасалмақ. Сонымен қатар, Алматы қаласында мемлекет пен жекеменшіктің қатысуымен жануарлар паналайтын орын ашу мәселесі талқылануда. Ал Астанада, әкімдіктегілердің айтуынша, жануарларды аулау және оларды ұстау ережесі өзгеруде: тұзаққа түскен жануарларды ұстау уақыты 3 күннен 60 күнге дейін ұзартылған, аулау қызметіндегілерге иесіз жануарларды басқа адамдарға беруге рұқсат етілген, еріктілер аулау қызметінің базасына еркін жіберіледі. Алғаш рет жергілікті бюджеттен ит-мысықтарды піштіруге қаражат бөлініп, оларға арнайы үйшік алу қарастырылған. Мемлекет пен жекеменшіктің қатысуымен Астана қаласында қаңғыбас жануарларға арналған мемлекеттік пана ашылмақ. Ал, егер әлемдік тәжірибеге сүйенсек, үйсіз ит-мысықтардың көбеюіне бақылау жасаудың көптеген гуманистік тәсілі бар. «Шындығында иесіз жануарлар мәселесі дәл біздегідей өзекті елдер өте көп. Біз үнемі Түркияны мысалға келтіреміз, бұл елде иесіз жануарлардың мәселесін біржақты етіп қойған: оларды ұстап, арнайы чип орнатып қояды, піштіріп, екпе салып, құлағына белгілі бір бирканы іледі де, емін-еркін жібереді. Құлағындағы биркасы бұл жануарлардан адамға ешқандай қауіп жоқ екенінен хабар береді. Егер оларды көбейтумен айналыспасаңыз және белгілі бір лицензияңыз болмаса, піштіруге міндеттісіз. Егер піштірмесеңіз, салық төлейсіз. Бұл да қарымта шараның бірі, нәтижесіз де емес. Барлығы кереметтей жолға қойылған және толығымен жұмыс істеп тұрған бірде-бір ел жоқ, сондықтан жануарларды қорғаушылар Қазақстан да басқа елдердің озық тәжірибесі мен әдісін есепке ала отырып, өз жолын таңдауы керектігін айтады. Әрине, ол бір қадаммен шешіле салатын мәселе емес, үлкен бағдарлама. Дегенмен, осы проблемаға парламентте отырған депутаттарымыз назар аударып, бағдарламаны оңтайлы жүзеге асырудың жолын жасаса, мемлекеттен бөлінген қаражат та талан-таражға салынбас еді, адамдардың да өмірі мен денсаулығына да ешқандай қауіп-қатер төнбес еді....
Клара Көпбаева,
журналист.