Қызылордада жасөспірім жаппай төбелестен пышақ жарақатын алды

Главные вкладки

Май 17, 2021 / 0 комментарии

13 мамыр күні Қызылорда қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында жасөспірімдердің арасында жанжал туындап, топтық төбелеске ұласқан. Патрульдік полиция төбелестің жолын кесіп, оқиға орнынан қалалық полиция бөліміне 14 жасөспірімді жеткізді. Төбелес салдарынан бір жасөспірім пышақ жарақатын алып, ауруханаға түсті деп хабарлайды Polisia.kz. 

Күдікті ретінде кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, бас шарасы күзетпен ұстау жөніндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қалған жасөспірімдердің іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен (Бұзақылық, суық қаруды не денсаулыққа зиян келтiру үшiн арнайы лайықталған басқа да заттарды қолданып жасалған іс-әрекеттер) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Топтық төбелеске қатысқан жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты Әкімшілік кодекстің 127-бабы 3-бөлігіне (Ата-ананың немесе заңды өкілдерінің балаларын тәрбиелеуде міндеттерін орындамауы кәмелетке толмаған адамның қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауына алып келген іс-әрекеті) сәйкес әкімшілік шара көру мәселесі қарастырылуда. 

Қызылорда қалалық полиция бөлімінің басшылығы ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта үйден тыс жерде үлкендердің қарауынсыз жүрмеуін қатаң ескертеді. Сонымен қатар, олардың қараусыз жүруі құқық бұзушылық жасауының негізгі себебі болуы мүмкін екенін тағы да атап айтады.