Қызылордада жоғалып кеткен 6 жасар баланың денесі табылды

Главные вкладки

апр 29, 2021 / 0 комментарии

Қызылордада екі күн бұрын жоғалып кеткен алты жасар баланың мәйіті табылды деп хабарлайды Polisia.kz. 

Жоғалған Бақыт Альтаирды іздестіру жұмыстарына екі күн бойы Полиция департаментінің, қалалық Полиция басқармасының жеке құрамы, Ұлттық ұлан сарбаздары, Төтенше жағдайлар департаменті, еріктілер және жергілікті тұрғындар жұмылдырылған.

"Бүгін, 29 сәуір күні жергілікті уақыт сағат 11:00 шамасында жеке тұрғын үйдің кәріз құдығынан жоғалған баланың денесі табылды. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Баланың денесінде көзге көрінетін зорлық-зомбылық белгілері байқалмайды.

Орын алған оқиға бойынша тергеу басталды. Тергеу әрекеттері менің жеке бақылауымда. Кішкентай Альтаирдың ата-анасы мен туыстарының ауыр қайғыларына ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамын, – деді Қызылорда облысы ПД бастығы Бектөре Сұлтан. 

Еске сала кетсек, бұған дейін құзырлы органға Қызылорда қаласы Титов қыстағында​ 2015 жылы туған Бақыт Альтаирдың жоғалып кеткені туралы арыз түскенін хабарлаған едік. Ата-анасының айтуынша, алты жасар Бақыт 27 сәуір күні сағат 10:00 шамасында үйінен ойнауға шығып кетіп, қайта оралмаған. Баланың табылмай жатқаны туралы ата-анасы полицияға тоғыз сағаттан кейін ғана хабарлаған.