Үндістандық дәрігер "үнді" штамының адам денсаулығына тигізер зардабын айтты
Главные вкладки
Коронавирустың "үнді" штамының адам денсаулығына тигізер зардабы көп. Бұл туралы үндістандық дәрігер Вани Акбер Almaty.tv арнасына берген эксклюзивті сұхбатында айтты.
Дәрігердің сөзінше, "үнді" штамының белгілері қарапайым тұмауға ұқсайды, алайда ауырғаннан кейін тромбоз, қант диабеті және жүрек аурулары сияқты түрлі кері әсерлері пайда болуы мүмкін.
Вани Акбер "үнді" штамы көбінесе жастар жұқтыратынын айтады. Оның сөзінше, Үндістанда COVID-19-бен ауырғандар арасында зең ауруы анықталған.
"Маған "қара зеңді" емдеу үшін пациентті қарауға шақырту келді. Ол үшін күшті гормоналды дәрі-дәрмектерді қолданамыз. Одан адамның иммунитеті әлсірейді. Бұл ауру адам миына және көзіне кері әсерін тигізеді. Ал оны емдеу ұзақ уақытты талап етеді", – дейді медицина ғылымдарының дәрігері.
Үндістандағы қазіргі жағдайды ескерген Вани Акбер тұрғындарды карантин талаптарын сақтауға шақырды.
"Соңғы кезде еркінсіп кетіп едік. Негізі бұлай жасамаған дұрыс. Бұл өзге елдер үшін сабақ болуы керек. Қатаң карантин талаптарын енгізу керек. Мен барлығыңыздан вакцина алуларыңызды сұраймын. Себебі вакцина коронавирустан қорғанудың жалғыз жолы. Бұл инфекциядан бізді басқа ештеңе құтқара алмайды. Әрине, қауіпсіздік шараларын ұмытпауымыз керек. Бетперде тағып, адамдар көп жиналатын жерде жүрмеген абзал", – дейді Вани Акбер.