Үсік жүреді: Синоптиктер мереке күндері ауа райы қандай болатынын айтты
Главные вкладки
Демалыс күндері Қазақстан аумағында ауа райы бұзылады деп болжады Қазгидромет мамандары.
Синоптиктердің мәліметінше, Балтық жағалауы аймақтарынан келетін кезекті циклон Қазақстан аумағы арқылы бірте-бірте жылжып, жылы және құрғақ ауа райын алмастырады.
"Соның ықпалымен алдымен солтүстік-батыс, одан кейін елдің қалған өңірлерінде нөсер жаңбыр жауады", - делінген хабарламада.
Ал 9 мамырда еліміздің солтүстігінде, орталығында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында найзағай ойнап, желдің екпіні 15-20 м/с-қа, оңтүстік және шығыс бөлігінде 23-28 м/с-қа дейін күшейеді, бұршақ жаууы мүмкін.
Қазақстанның оңтүстігіне әлі де жылы ауа массалары әсер ететіндіктен, бұл өңір айтарлықтай салқындамайды. Мәселен, күндіз ауа температурасы 22...30°С дейін жылынады, алайда солтүстік облыстарда 7 мамырда температура фоны 12...20°С дейін төмендеп, түнде үсік жүруі мүмкін.
Айта кетейік, 9 мамыр күні елордада қоғамдық көліктер жолға шықпайды. Бұл туралы City Transportation Systems Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады. Қалған мереке күндері, яғни 7, 8 және 10 мамырда қоғамдық көліктер қалыпты режимде жұмыс істейді.