Ұлттық банк Қазақстанның әрбір тұрғынына әлеуметтік әмиян ашады
Главные вкладки
Қазақстанда әлеуметтік әмиянды енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық Банкі сауда және интеграция, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесіп, осы мәселені пысықтауда, деп хабарлайды Kaskelen.kz.
Әлеуметтік әмиянды енгізу қазақстандықтарға банк карталарын пайдаланудың баламасы болады және оған есептелген қаражатты банктер, коллекторлар мен салық органдары тарапынан өндіріп алудан қорғауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік әмиян – бұл банк картасына балама және оның банктерде бар барлық мүмкіндіктері болады.
Әлеуметтік әмиянның артықшылығы – ол Ұлттық банк жүйесінде әрбір қазақстандыққа ЖСН бойынша ашылады. Шот ашу немесе банк картасын жаңарту үшін (әрбір 3 жыл сайын) екінші деңгейдегі банктерге тұрақты түрде бару қажет болмайды. Бұл сондай-ақ әмиянға әлеуметтік төлемдерді проактивті түрде есептеуге мүмкіндік береді.
"Азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың қайда есептелетінін таңдау мүмкіндігі беріледі: әлеуметтік әмиянға электрондық ақшамен немесе әдеттегі тәсілмен банк картасына аудару. Әлеуметтік әмияннан өз қаражатын банк картасына аударуға және оны әдеттегідей пайдалануға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға болады", – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.
Әлеуметтік әмиянға есептелген қаражат "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Заңға сәйкес банктер, коллекторлар және салық органдары тарапынан өндіріп алудан қорғалатын болады.
Әлеуметтік әмиян банктік төлем құралы ретінде барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Бірінші кезекте, пайдаланушы тарапынан екі факторлы аутентификация жүргізіледі. Дербес деректердің қорғалуы сақтау, өңдеу деңгейінде қамтамасыз етіледі. Екінші деңгейдегі банктер мен электрондық төлем жүйелеріне қойылатын қолданыстағы барлық талаптар әлеуметтік әмиянмен қамтамасыз етілетін болады.
Әмияннан сіз онлайн режимінде төлем жасай аласыз (мысалы, коммуналдық қызметтер, телефон және т.б. үшін) немесе оны банк картасына байлап, картаны пайдалана аласыз.