Әйгілі үнді актері өмірден озды
Главные вкладки
Үндістанның әйгілі әрі алғашқы актерлерінің бірі Дилип Кумар 98 жасқа қараған шағында қайтыс болды деп хабарлайды Би-би-си. 30 маусым күні ол тыныс алуы қиындап, ауруханаға түскен. Алайда дәрігерлер актердің өмірін сақтап қала алмаған.
Басылымның жазуынша, Дилип Кумар соңғы бірнеше ай бойы денсаулығы сыр беріп, ауырып жүрген. Оның артында жан жары әрі Болливуд актрисасы Сайра Бану қалды.
Айта кетерлік жайт, жұлдызды жұптың балалары жоқ. Актер 1922 жылы қазіргі Пәкістан аумағында орналасқан Пешавар елді мекенінде өмірге келген. 1944 жылы 22 жастағы Дилип кинодағы алғашқы деюбтін бастаған.
Ал 1949 жылы түскен Andaz ("Бедел") деп аталатын кинотуындысы ол үшін сәтті болып, жас актер бірден жұлдызға айналады.
Блокбастерге өнер жұлдыздары Наргис және Радж Капур да түсіп, кейіннен осы фильм арқылы көпшілікке танылған. Кумардың өмірбаянын жазумен айналысқан лорд Мегнад Десаи оны әйгілі Голливуд актері Марлон Брандо мен италиялық аңыз тұлға Марчелло Мастрояннимен салыстырады.
"Дилип Кумар үнді актерлерінің ішіндегі үздігі болған. Денесі жөнінен одан ірі актер бар шығар, бірақ өнері жағынан үздігі жоқ. Ол трагедияны керемет сомдайтын актер еді. Бірақ комедияларды да сәтті ойнап шығатын", - дейді Мегнад Десаи.
Кумар өз ғұмырында беделді кинопремиялардың және Үндістанның азаматтық сыйлықтарының бірнеше мәрте иегері атанған. Ол 1966 жылы танымал актриса Сайра Бануға үйленіп, бірнеше туындыларға бірге түскен. Соңғы рет Кумар 1998 жылы киноға түскен.