Әкім сайлауы: Алматы облысында 279 үміткер ұсынылды

Главные вкладки

июл 12, 2021 / 0 комментарии

Алматы облысында ауылдық округ әкімдерінің сайлауына саяси партиялардан және өзін-өзі ұсыну арқылы 279 үміткер ұсынылған. Бұл туралы Kaskelen.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Орташа бәсекелестік деңгейі 3,9 адамнан келеді. Ұсынылған 279 үміткердің 249-ы - ер, 30-ы - әйел азаматшалар. Үміткерлердің орташа жасы - 41,3 жас. Бұл туралы бүгін Талдықорғанда өңірдегі ауылдық округтердің әкімдеріне үміткерлерді ұсыну қорытындылары туралы өткен брифинг барысында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық айтты .

 

Қаһарман Жақсылықтың сөзіне сүйенсек, жалпы Алматы облысында 71 ауылдық округте әкімдер сайлауы өтеді. Бұл ретте 60 әкім өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты, 11-і өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуға байланысты сайланады. Өз кандидаттарын ұсынған саяси партиялар қатарында «Nur Otan» партиясы, «Ауыл» ХДПП, «Ақ Жол» ҚДП, «АDAL» СП, ҚХП, ЖСДП бар.

 

«Ұсынылғандар арасында 154 үміткер - жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер, 32-і - коммерциялық құрылымдардың өкілдері, 70-і - бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 10-ы уақытша жұмыс істемейді, 3-і - қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, 6-ы - өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 3-і ішкі істер және әскери салалардың зейнеткерлері. Арасында ғылыми дәрежесі бар кандидат та бар», - деді Қ. Жақсылық. Биылғы жылғы 10 шілдедегі дерек бойынша 159 үміткер тіркелген (56,6%).Түрлі себептер бойынша 23 үміткер алынып тасталды, оның 16-сы талаптарға сәйкес келмейді, 7-і өз кандидатурасын алып тастау туралы өтініштеріне сәйкес шығарылды.

 

Еске салсақ, 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау туралы Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған болатын. Ұлттық экономика министрлігі ауыл әкімерін тікелей сайлау қалай өтетіндігін және ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин әкім сайлауына түсетін кандидаттарға қойылатын талаптардың себебін түсіндірді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.