COVID-19: Қазақстанда соңғы қоңырауды өткізудің талаптары жария болды
Главные вкладки
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті карантин кезінде соңғы қоңырау мен аттестаттарды тапсыру салтанатын өткізу талаптарын жариялады деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында қабылданған шектеу шаралары (қауіп-қатер аймағына қарамастан) кезінде жалпы білім беретін мектептерде соңғы қоңырау және аттестаттарды тапсыру салтанатын өткізу тек санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталған жағдайда ғана рұқсат етіліп отыр. 9, 11-(12) сынып түлектерінің мектеппен қоштасу салтанаттары (соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру) тек ашық алаңда (таза ауада) өткізілуі тиіс. Бұдан басқа ешқандай шаралардың өткізілуіне рұқсат берілмейді. Салтанатты шара басталмас бұрын мектеп алаңын тазалап, қоқыстың уақытылы шығарылуын қамтамасыз ету қажет. Шараға мектеп түлектерінен басқа олардың ата-аналарының немесе қамқоршыларының (әр түлектің) бір өкілі, сондай-ақ мектеп оқытушылары құрамынан ең көбі 6 адам қатыса алады.
Карантиндегі азаматтардың (КВИ-ға шалдыққан науқаспен жақын байланыстағы адам, КВИ-ға шалдыққан науқас) аталмыш шараға қатысуына тыйым салынады. Сонымен қатар, мектеп аумағында адамдардың, қонақтардың (ата-аналар, жақын туыстар, қамқоршылар және т.б) жиналуына жол берілмейді. Салтанатты шара кезең-кезеңімен өткізілуі керек. Дәлірек айтқанда, мектеп аумағындағы шара тек бір сынып түлектері үшін өткізілуі тиіс. Шараның ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Әр сынып үшін өткізілетін салтанатты шаралардың аралығы 30 минуттан кем болмауы керек. Соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру кезінде қол алысуға тыйым салынады. Шараға қатысушылар бетпердені киіп, 2 метрлік әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек. Салтанатты шараларға қатысатын педагогикалық ұжым, оқушылар жеке антисептикалық құралдарын қолданғаны жөн. Соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру салтанаты аяқталған соң көшеде, қоғамдық тамақтану орындарында (мейрамхана, дәмхана және т.б.) бұқаралық шараларды өткізуге болмайды.