ДДСҰ: "Дельта" штамы уханьдық коронавирустан екі есе жұқпалы болып шықты
Главные вкладки
"Дельта" штамы бастапқы SARS-CoV-2 коронавирусымен салыстырғанда екі есе жұқпалы болып шықты деп жазады РБК.
Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас ғылыми қызметкері Сумья Сваминатан бейсенбі күні кешкі уақытта Twitter парақшасында өткен сұрақ-жауап сессиясы барысында хабарлады.
Оның айтуынша, "үнді" штамы бүгінде 85-тен астам елден анықталып отыр.
"Дельта" штамының таралу жылдамдығын ескерсек, ол өзге штамдарды басып озып, әлемдегі ең көп таралған штамға айналуы мүмкін", - деді Сваминатан.
ДДСҰ сарапшысы вирустың бұл түрі бастапқы вирусқа қарағанда кем дегенде екі есе тез жұғатынын, сондықтан "бір адам екі емес, төрт, алты, тіпті сегіз адамға дертті жұқтыруы мүмкін" екенін ескертті.
Осыған байланысты ол бүгінгі таңда барлық отбасы мүшелері ауыратын жағдайлардың әлдеқайда көп болатындығын болжап отыр.
Коронавирустың "үнді" штамы Үндістанда өткен жылдың қазан айында табылған еді. ДДСҰ мәліметтері бойынша, маусымның ортасына қарай ол 90-нан астам елде табылған, инфекцияның жоғары деңгейі және кейбір шектеулерден бас тарту дерттің тез таралуына әкеліп соқтырды.
Ұйымның сарапшысы Мария ван Керкхове "дельта штамынан" көз жұму жағдайы әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін айтқан еді. Алайда, оған ешқандай дәлел жоқ.