"Алтын орда" базары маңындағы жолдың қашан аяқталатыны белгілі болды

Главные вкладки

июл 29, 2021 / 0 комментарии

Алматыдағы "Алтын орда" базары маңында салынып жатқан жол мен көпір құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Бұл ақпаратты "QazAvtoJol" ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Болатбек Айтбаев растап отыр.

Сонымен қатар, Шамалғанда теміржол үстінен өтетін көпір құрылысы да биыл аяқталады деп жоспарланған. Оның сөзінше, салынып жатқан жолдың жалпы ұзындығы 6 шақырымды, ал көпірдің ұзындығы 350 метрді құрайды.

"Ендігі уақытта жүргіншілер, көлік және пойыз бір-бірінің қатанысына кедергі келтірмейді. Бастысы қауіпсіздікті қамтамасыз етіледі. Бұл жерден күніне 50 мыңнан астам көлік өтеді. Көпір құрылысына 250-ден астам маман және 128 техника жұмылдырылды. Жобаны жылдың соңына дейін аяқтап, халықтың игілігіне беру жоспары тұр", – деді Болатбек Айтбаев. 

Базар маңында салынып жатқан жолайырықтың алматылықтар үшін маңызы зор. Себебі бұл аумақта бірнеше ірі сауда орталықтары орналасқандықтан адам да, көлік те өте көп. Сондықтан бастысы қауіпсіздікке аса мән беріледі.

Ал Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы 2024 жылы аяқталуы тиіс. Алайда құрылысқа жауаптылар уақытынан бұрын жүзеге асырып, 2023 жылы пайдалануға беруді көздеп отыр. Айналма жол Алматы қаласымен қатар, облыстың Қарасай, Іле және Талғар аудандарын байланыстырады.

"Айналма жолдың ұзындығы 66 шақырым. Оның құрылысы 2019 жылы басталып, қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. 66 шақырым автомобиль жолының 13 шақырымы 4 жолақты, қалғаны 6 жолақты болады. Тасжол 1 дәрежелі және онда сағатына 150 шақырым жылдамдықпен жүруге болады. Жалпы бұл жерде 8 бағыт бойынша айналма жол бір-бірімен байланысады және ол өзара 38 көпірді жалғайды", – деді "БАКАД Инвестициялар мен операциялар" ЖШС директоры Айман Жанұзақова.