Қарасай аудандық тарихи-өлкетану мұражайының құрылу тарихы

Главные вкладки

мар 20, 2018 / 0 комментарии

Қарасай ауданының ерекше ғимаратының бірі өткен ғасырдан сыр шертетін тарихи – музей. Бұл музей үйін 1899 жылы казак-орыстар діни мектеп үшін салғызған. 1938 жылы қыркүйекте қазақ орта мектебі ашылды. Ұлы Абай есімі мектепке 1945 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойына орай берілді.

Абай атындағы мектепті 1958 жылы бітірген 42 түлектің бірі – бүгінгі күнгі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Мектеп жаңа ғимаратқа көшкен соң, бұл үй мектеп жанынан жатып оқитын балалар жатақханасы болып өзгереді. Ғимарат интернат қызметін 90-шы жылдарға дейін жалғастырады.

Кейінірек интернат жабылып қалды да, бұл үй мектеп мұғалімдері, негізінен жас отбасылары тұратын пәтерге айналдырылды.Осы ескі мектеп ғимаратын музейге айналдыру мәселесін қозғап, 1997 жылдың қаңтарында Абай атындағы қазақ орта мектебінің сол кездегі директоры Мәрия Мұқанова мен бүгінгі ел Президентін білім нәрімен сусындатқан майдангер ұстаз Сейітхан Исаев екеуі Елбасына арнайы хат жазып, жеке қабылдауын өтінеді. Сол жылғы 15 мамыр күні Елбасы Сейітхан ата мен Мәрия апайды Алматыдағы резиденциясында жылы шыраймен қабылдады.

Сөйтіп, аудандағы музей мәселесі оң шешімін тауып, орта мектептің ескі үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Музей Алматы облысы әкімі шешімімен 1999 жылы 24 қыркүйекте құрылды. Ал ресми ашылуы осы жылдың 30-шы тамызында болған еді. Музейдің алғашқы директоры болып Мұқанова Мария Мұсатайқызы тағайындалды.

Жылына музейді 3000-нан аса көрермендер тамашалайды. Музейде ғасырлар қойнауына кеткен аудан тарихына байланысты, Елбасының жасөспірім кезінен, жігіттік дәуіріне дейінгі және тұлға болып қалыптасуына байланысты 2000-ға жуық әртүрлі мағыналы да құнды фотоқұжаттар, материалдық жәдігерлер саны бар. Оның ішінде – 899-ы негізгі қорға жатса, 1048-і көмекші қорға тіркелген. Музейде экспонаттар саны 1947 құрайды.

                                                                                                                                                                                       Автор: Жания Кошпан