Қаскелең қаласы бойынша ораза кестесі жарияланды
Главные вкладки
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында Қаскелең қаласы тұрғындары үшін ораза тұту кестесі жарияланды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі. Ораза – тәуліктің күндізгі уақытында ауыз бекіту, исламның негізгі бес парызының үшіншісі. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ниетін бекітіп, ішіп-жеуден, басқа да оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болады. Мұсылмандарға рамазан айында ораза ұстау – парыз.
“Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам ораза ұстасын. Кімде-кім ауру болып, әйтпесе сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді” (Бақара/187) – деген аяттарда парыз оразаның мәні, негізгі сипаттары, уақыты, қазасын өтеу жайлы айтылады. Ораза шартты ғибадат болғандықтан оны парыз ретінде кімнің орындауға міндеттілігі немесе кімдердің босатылатыны, қабыл болу-болмауының шарттары, бұзылатын немесе бұзылмайтын жағдайлары шариатта бекітілген.
Ораза – адам нәпсісін тыйып, рухани өсуге, өз бойындағы жаман әдеттерден арылып, көркем мінезін тәрбиелеп қалыптастыруға мүмкіндік беретін ғибадат.
Рамазан айында өзара “ауызашарға” шақырысу дәстүрге айналған. Хадистерде ораза кезінде мұсылманның өзін-өзі тәрбиелеп, мінез-құлқын қалыптастыруының негізгі шарттары белгіленген. Аузы берік адамның бос сөзден, орынсыз әрекеттерден бойын аулақ салып, жаман істерден тыйылуы, ғибадатын арттырып, бос уақытын дін іліміне тереңдеп, зікір, салауат айтумен өткізуі абзал. Бұл да оразаның сауабын арттыратын амалдар.
Биыл қасиетті рамазан айы 6 мамырда басталып, 4 маусымда аяқталады.
31 мамырдан 1 маусымға қараған түн – қадір түні.
4 маусым – ораза айт.
Биыл Құрбан айт мерекесі тамыздың 13-14 аралығына түсіп тұр.
Биылғы пітір садақа мөлшері – 300 теңге болып бекітілді.
Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.