Көліктерді тонау жағдайлары көбейіп кетті

Главные вкладки

ноя 14, 2019 / 0 комментарии

Әдетте көлікті автоматты дабылды кілттеу арқылы қауіпсіздікті толықтай қамтамасыз еттік деп ойлаймыз. Тіпті, ішінде құнды заттарымыз бен қаражатымызды да қалдырамыз. Бірақ, өкінішке орай, бұл өте үлкен қате. Себебі, қазір оңай олжаға құгыққан әккі ұрыларға мына дабылды құлыпты аша салу түк емес!

Сұғанаққолдардың құрбаны болып, көлігіне қалдырған қомақты қаражатын қолды қылып, сан соғып қалғандардың бірі – Бану. 2019 жылдың 15 қазанында ол тапа тал түсте, санаулы минуттардың ішінде машинасын тонатып алды.  Қаскелеңдегі ірі сауда үйінің автотұрағына қойып, әдеттегідей кілттеп кеткен көлігіне бөтен адам қалай кіріп, сөмкесін қалай жымқырып кеткенін түсінбеген келіншек бірден полицияға қоңырау шалған. 

«Әрі кетсе бір 12 минут қана бөгелген шығармын. Сауда үйіне кіріп, шаруаларымды бітіріп шықтым. Көлігіме келіп отырып, артқы орындыққа қарасам рюкзагым жоқ. Ішінде қомақты қаражатым мен бағалы әшекейлерім, ноутбугым болған.Қатты қорқып кеттім» - дейді зардап шегуші. 

Ұры көршілес ғимараттарда орнатылған бейнебақылау камераларына түскен. Байқағанымыздай, жасы 35-40 шамасындағы соқталдай азамат ешкімнен қымсынбастан, ешқандай күдік туғызбастан Банудың көлігіне емін-еркін бара жатыр. Камера орнатылғанын білетіні, оған жүзін анық қаратпай өтуі оның бұл салада әжептәуір тәжірибе жинағанын байқатса керек. Алдымен көліктің есігін тартып көрді. Жабық. Санаулы сәттерден соң қашықтықтан бәз біреулер пультпен басқару арқылы кілтті ашты. Міне, ұры көлік ішінде. Айналадағылардың назарын аудармау үшін біраз отырып, салонды тінтіп, қажеттісін алды. Рюкзакты асынып оп-оңай, түк болмағандай кете барды. 

    Мамандардың айтуынша, қарақшылар бүгінде көлікті немесе көлік ішіндегі құнды заттарды да үптеп кетудің тың тәсілін тапқан. Олар көліктің дабыл жүйесін бұзып, сканерлейді. Көбінде құрбандарының артынан аңдып жүріп, көлікті пультпен жапқан сәтте компьютер арқылы дабыл толқынын ұстап алады. Кейін ешкімнен шімірікпестен көлікті тонайды. Ұрылар бұл тәсілді бірнеше жыл бұрын қолданып бастаған екен. Кейбірі қымбат көліктердің оңай шешілетін бөлшектерін шешіп кетеді екен. Ол үшін 1-2 минут қана қажет болады. 

Қарасай аудандық Полиция басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері осындай көлік ішінен бөтеннің мүлкін қолды қылған 145 ұрлық тіркелген. Солардың 56-сы әлі ашылмай тұр. 

Өкінішке орай, ашылмағандар қатарында кейіпкеріміздің де ісі бар. Өйткені, қылмыскерлер құқық қорғаушылардың құрығына ілінбей тұр. Ал, күнде бейнебақылау камерасында анық бейнеленген  суреттерге қарап отырған Банудың үрейі сейілер емес.

 «Өзіме өзім әлі келе алмай жүрмін. Үнемі біреу мені аңдып келе жатқандай немесе көлігімнің артқы орындығында біреу отырғандай сезіне берем.Бар үмітім полицейлерде. Ұрылар табылып, жазасын алса, көңілім орнына түсер еді. Ақшадан бөлек, сөмкемде мен үшін өте қымбат заттар да болған еді...» - дейді Бану.  

Бұл оқиғадан ол үлкен сабақ алды және басқалар дәл өзіндей қарақшылардың қармағына ілікпесе екен дейді.  

 Клара Көпбаева