Талдықорғанда бір аптада 51 адам коронавирус жұқтырған

Главные вкладки

Май 27, 2020 / 0 комментарии

Талдықорғанда соңғы бір аптада 51 адам коронавирус жұқтырғаны анықталды. Сондықтан, қаланың бас санитариялық дәрігері Ермек Асимкуловтың қаулысымен карантиндік шаралардың әлі де жалғасатыны, еш жеңілдетілмейтіні бекітілді.
Қаулыға сәйкес, қаланың кіреберістеріне қойылған 4 санитарлық бекеттің жұмысы күшейеді. Арнайы рұқсаты бар көліктерді есепке алмағанда, бейберекет қаладан шығуға және кіруге тыйым салынады. Қоғамдық орындар, балалар алаңқайы, тротуарлар, көшелер күнделікті залалсыздандырылуы тиіс.
Жәрмеңкелердің, азық-түлік базарларының, киім-кешек базарларының, сондай-ақ автокөлік базарының жұмысы тоқтатылады. Карантиндік аймақ полиция және әскерилер күшімен тексеріліп тұрады. 20-00-ден кейін қала ішіндегі қозғалысқа тыйым салынады. Банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтары адам көп жиналмас үшін электронды кезекпен немесе алдын ала жазылып жұмыс атқарады. Саябақ, сквер, жағалау сынды демалыс орындарында серуендеуге тыйым салынады. Бетперде тағып жүру — міндет.
Автобөлшек, тұрмыстық техника, тұрмыстық химия сынды азық-түлік емес тауарлар сататын дүкендер жұмысы 10-00 мен 17-00 аралығында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істейді. Көлік жөндеу орталықтары, дөңгелек жөндеу орындары да қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмысын жалғастырады. Шаштараздар, сән салондары 10-00 мен 18-00 аралығында қызмет атқарады.
Арнайы рұқсат берілгендерден басқа барлық ұйымдар мен мекемелер әдеттегі жұмыс режимін тоқтатуы тиіс. Мүмкіндігі болса жұмысты қашықтан не онлайн атқарған жөн.
Дереккөзі: Taldykorgan-online.kz