Алматы облысы Қасымбек ауылында үш ауысымда оқыту мәселесі шешілді

Главные вкладки

дек 09, 2020 / 0 комментарии

Алматы облысында үш ауысымды мектептерді болдырмау мақсатында бүгін Жамбыл ауданы Қасымбек ауылында қолданыстағы мектептің іргесі кеңейтіліп, жанынан салынған жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында іске қосылған жаңа нысанның ашылуына облыс əкімі Амандық Баталов арнайы келді, - деп хабарлайды Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі.

Ауыл тұрғындарының қуанышын бөліскен облыс əкімі Амандық Баталов:

- Қосалқы салынған ғимарат болғанымен, үш қабатты бұл құрылысты заман талабына сай жаңа мектеп деуге де болады. Мектептің сапалы салынғаны сыртқы кейпінен-ақ көзге көрініп тұр. Бұл құрылыс Елбасының балалардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үш ауысымды мектептер мәселесін шешу туралы тапсырмаларына орай жүзеге асырылды. Біздің облыста жылына 50 мыңдай бала  өмірге келіп, мектепке баратын оқушылар саны да жыл сайын 20 мыңға артып отыр. Үш ауысымды мектептердің азаймауы осы демографиялық жағдайға да байланысты. Сондықтан біз келесі жылы 1500 орындық 6 мектеп саламыз. Қазіргі кезде 17 мектептің құрылысы жүріп, біразын пайдалануға бердік. Бүгінгі күні Жамбыл ауданда үш ауысымды 7 мектеп бар. Алдағы уақытта бұл мәселені де шешетін боламыз. Баршаңызды тағы да Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Еліміздің осындай жетістіктері көп болсын! – деді Амандық Баталов.

Бұдан соң ардагер ұстаз, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Сәуле Ағыбаева ортаға шығып, осыдан екі жыл бұрын өзінің облыс әкіміне Ұзынағашқа келген сапарында Қасымбек ауылындағы мектепті кеңейту керектігі туралы айтқанын еске алды. Ауыл тұрғындарының сол арманы орындалып, бүгін осындай жаңа қосымша ғимаратқа қол жеткізгендері үшін ел басшыларына алғыс айтты.

slider

Қонақтар ғимаратты аралап, мектеп директоры Айман Кенженбаева оқу кабинеттерінің материалдық-техникалық жабдықталуымен таныстырды. Химия және география кабинеттеріндегі заманауи құрылғылар, ағылшын тілінің лингафонды кабинеті, бастауыш сыныптың сапалы көрнекіліктері балалардың уақыт талабына сай білім алуына қызмет етпек. Сол сияқты 13 тігін машинкасы қойылған шеберхана да оқушыларды қол еңбегіне баулиды. Ғимаратта 100 орындық асхана, баскетбол, волейбол басқа да спорттық ойындармен айналысуға мүмкіндік жасалған заманауи спорт зал бар. Спорт залда оқушылар мен мұғалімдерден құралған екі команда волейбол ойынын көрсетті. Ойыншылармен тілдескен облыс басшысы салауатты өмір салтын ұстану мен дене шынықтырудың маңыздылыны атап өтті:

Оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де спортпен айналысу аса маңызды. Сондықтан мұғалімдер жұмыстан кейін спортпен шұғылдануы керек. Біз әрбір аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салып жатырмыз. Бүгінге дейін осындай кешеннің 9-ын тұрғыздық. Тағы 7-еуін саламыз. Талдықорғанда жуырда олимпиадалық стандартқа сәйкес жабық жүзу бассейні іске қосылады. Біз шаралардың барлығы бұқаралық спортты дамыту туралы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, халықтың денсаулығын нығайту мақсатында атқарылып жатыр, - деді Амандық Баталов.

slider
 

Атап өтсек, Қасымбек ауылындағы бұл нысанның құрылысына жергілікті бюджеттен 1,1 млрд. теңге бөлінді. Бұған дейін 520 орындық мектепте 1100 бала оқып келген. Жаңа ғимараттың салынуына байланысты мектептің мүмкіндігі тағы 300 орынға кеңейтілді. Жыл басында Жамбыл ауданындағы 62 мектептің 10-ы үш ауысымда оқытатын. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 7-ге түсті. Оны азайту мақсатында жұмыстар әлі де жалғасады.

slider

Ал жалпы Жамбыл ауданын дамытуға 2019 жылы 8,2 млрд. теңге бөлінсе, 2020 жылы 9,7 млрд. теңге қаражат берілді.