Алматы облысында өзеннен өтпек болған 15 турист суда тұрып қалды

Primary tabs

Jul 26, 2021 / 0 comments

Алматы облысындағы Қора өзенінен жүк көлігімен өтпек болған 15 адам суда тұрып қалды деп хабарлайды Kaskelen.kz тілшісі өңірлік ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеше кешкі сағат 22:30-да Төтенше жағдайлар департаментіне суда қалған туристер жайлы ақпарат түскен. 15 адмның Бұрқан Бұлақ сарқырамасынан "ЗИЛ" маркалы көлігімен қайтып келе жатқаны анықталды. Өзеннен өтпек болған олар суда тұрып қалған.

Шақырту орнына Алматы облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Ескелді ауданы ТЖБ қызметкерлері жіберілген. 

Құтқарушылар туристерге сағат 01:40-та жеткен.

Олар туристердің өзеннің қарама-қарсы жағалауында, қауіпсіз орында екенін анықтапты. Туристердің өздерімен бірге шатырлары мен тамағы болған.

Таңға жуық адамдарды өзеннен өткізу жұмыстары басталған. Ведомство мамандарының мәліметінше, түнгі уақытта биік таулардағы мұздықтардың еруі тоқтайды. Таңға таяу өзендегі су деңгейі төмендеп, жүк көлігі 5:20-да жағажайға өз бетінше шыға алған.