"Екі жұлдыз" байқауында топ жарды

Primary tabs

Mar 05, 2019 / 0 comments

Ата-ананың мектеппен тығыз байланыста болуы өте маңызды. Сол арқылы бала тәрбиесіне бірлесе ықпал етіп, ортақ жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады.

Бұл мақсатта білім ордаларында нақты іс-шаралар жоспары әзірленіп, соған сай жұмыстар жасалады.

Мысалға, жақында Шамалған ауылындағы орта мектепте ұйымдастырылған «Екі жұлдыз» ән байқауының да басты бағыты осы болатын. Сонымен қатар, мәдени шара биыл атап өтілетін мектептің 10 жылдық мерейтойына арналды.

Байқауға ата-аналар мен балалары, сынып жетекшілері мен оқушылар жұп болып сахнаға шығып, әннен шашу шашты. Өзге мектептердің музыка пәні мұғалімдері қазылық еткен сайыста тек қана Отан, отбасы сияқты тақырыптардағы патриоттық сарындағы әндер таңдалып алынды.

Нәтижесінде, бас жүлдені аталған мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әсем Арғынғазина мен қызы Асқарбек Ділназ жеңіп алды. Ал, І орынды ата-ана Меруерт Пазылова мен қыздары Арайлым, Балауса Құрбановалар, сондай-ақ, Советханова Әсем мен Сахиева Сәуле бөлісті.

Басқа да қатысушылар жүлделі орындарды иеленіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Саягүл Шабантаеваның айтуынша, байқау көрерменнің де, жұптардың да көңілінен шыққан. Осы арқылы ата-аналар мен мектеп арасындағы байланыстың байыпты екені байқалып, арадағы ауызбіршілік арта түскен. Ал, білім ордасының он жылдығына арналған салтанатты жиындар әлі де көптеп ұйымдастырылмақ.