Желілік маркетинг келісімшартында не жасырылған?

Primary tabs

Jul 25, 2019 / 0 comments

Бір рет қана 6000 теңге төлеп кіру арқылы миллионер бола аласыз! Бұл ертегі ме әлде ақиқат па? Егер шынымен солай болса, неге біз мұндай мүмкіндіктен құр қалып, қалтамызды қаражатқа қампитпай жүрміз?

Өзін Отандық,  мемлекеттік деңгейдегі əлеуметті жоба ретінде таныстыратын AYBA жанұя компаниясы жайлы естіген боларсыз? Сізді қатарына шақырушылар әлбетте компанияның мүмкіншіліктерімен үлкен жетістікке жететіндігіңізге сендіреді. 
Яғни, сізге бағалы сыйлық алуға, миллиондап ақша табуға, пәтер алуға және саяхатқа шығуға мүмкіндік береміз дейді. Тіпті, ЖК ашпай, тауар сатып, дəрі- дәрмек ұсынбай-ақ, ай сайын салым салып, балл жинамай-ақ олжаға кенелетіндігіңізді алға тартады.
Ғаламтордағы ресми парақшасына үңілсеңіз, негізін қалаушы Алуа Байназарова копания жайлы ақпарат береді.

«Ayba» аталуының өзі отбасылық бақыттан туындаған. Оның сыры Айнұр, Айбек, Айгерім, Айдос атты ұл-қыздарымыздың есім­дерінің басты буыны «Ай»-ды және тегі Байназардың басты буыны «Ба»-ны қосып «Айба» яғни «Ayba» деп аталған. 

Жақсы делік! Әсіресе, компанияның тіркеуде тұрғаны және ойдағы барлық күдікті сейілтері анық. Әрі қарай, кіші және үлкен жанұялар маркетингі бойынша іске кірісесіз.

Ең алдымен берілетін сыйақыны естіп, соған ұмтылған адам, өкінішке орай, келісімшартты оқымақ түгілі, назар аудармайды да. Бірге оқиық ендеше!

Жария Офертаны қабылдаған және компания сайтында жеке тәуелсі өкілі тіркелген жағдайда – «Кіші Жанұя» бастапқы жиынтығының төленген құны қайтарылмайды! Осылай төлеген ақшаңызды артынан дауламаңыз деген ескерту басында-ақ айтылады.

Сосын Өтемдік жоспар жайлы мәлімет. Яғни, сіз табысқа қалай қол жеткізе аласыз?

 Ол 6 қадамнан тұрады. Олардың әрқайсысы жабылған жағдайда, компаниядан ақшалай және заттай сыйақы беріліп тұрады. Заңды түрде Сіз қол қойған келісімшартта тағы да былай делінген.

4.2.  ЖТӨ мынадай факторлардың болу мүмкіндігін толық қабылдайды және түсінеді:

А) компанияның өнімі оның сапасын түсінуге сәйкес келмеуі мүмкін;
Б) компания өнімін сату қиын;
В) жаңа клиенттерді/өкілдерді шақыру қиын;
Г) компаниядағы белсенділіктің жоғары деңгейін қолдау қиын;
Д) отбасылық мәселелер және т. б.; 
олар уақыт пен ақшаны жоғалту қаупін тудырады, табысқа жету жолын қиындатады. Сонымен қатар, жоғарыда аталған факторларды сезіне отырып, сондай-ақ олармен шектелмей, өкіл өзінің компаниядағы қызметінің табыстылық деңгейі оның жеке мүмкіндіктеріне, тәжірибесіне, құзыреттілігіне және табысқа жету ниетіне байланысты болатынын түсінеді. Соңғы жағдайда, компанияда өзінің табысы болмаған жағдайда, өкіл кінәлілерді компанияда да, одан тыс жерлерде де іздемеуге міндеттенеді.

Яғни, осы шатқа қол қою арқылы, сіз келешекте кеткен ақшаңызды дауламайтындығыңызды кепілдеп отырсыз.

 Сонымен қатар, Тараптар шарт бойынша міндеттемелерді ішінара немесе толық орындамағаны үшін, егер ол еңсерілмейтін күш (форс-мажор), атап айтқанда әскери іс-қимылдар, қоршаулар, мемлекеттік органдардың актілерін қабылдау, сондай-ақ табиғи сипаттағы күштер: жер сілкінісі, су тасқыны, зілзала және т. б. жағдайларының салдары болып табылса, жауапкершіліктен босатылады.

Бұл жердегі форс-мажорлық жағдайлардың қатарына мемлекеттік органдардың актілерін қабылдау деген сөйлемнің қосылып кетуі де көңілге күдік ұялататындай. Яғни, мұнда салық комитетінің тексеру актілері, тіпті адамдар жиналып арызданғанда шыққан шешімдер де жарамсыз болып қалатындай жолдар қарастырылған тәрізді.

Біздің мақсатымыз – біреуді даттау немесе қандайда бір компанияның имиджіне нұқсан келтіру емес, өз пікірімізді ашық білдіру. Таңдау өз еркіңізде. 

Клара Көпбаева.