Жерлестеріміз Америкадағы Наурыз жайлы айтып берді

Primary tabs

Mar 27, 2019 / 0 comments

Наурыз мейрамын шетелде тұрып немесе білім алып жатқан қандастарымыз да өзіндік сән салтанатымен қарсы алуда.

Мысалы, «Шаңырақ» қазақ қоғамы және «Хюстон» қазақ мектебі соңғы алты жылдан бері Хьюстон қаласы Техас штатында түркі тілдес бауырларымен бірге Ұлыстың ұлы күнін атап өтуде. Жыл сайын осындағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Әзірбайжан, Түркия мен Монғолия және Босняның тумалары шығыстың жаңа жылында бас қосып, ұлттық салт-дәстүрлерін ұлықтап, танысып-араласады. Бұл туралы бүгінде Америкада еңбек етіп жатқан Бекболат ауылының тумасы Қуатбек Мақұмұлы Kaskelenkz-ке арнайы әңгімелеп берді.

Ол 1998 жылы мектеп бітірген. Алдымен Түркияда оқып жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған жігіт, АҚШ-та тәжірибе жинақтауға аттанған. Қазір отбасымен сонда қоныстанған. Жұбайы екеуі де мұғалім, қазақ мектептерінде сабақ береді. Қуатбектің айтуынша, биыл да 18 наурызда жерлестеріміз Әзірбайжан-америка мәдени альянсымен бірлесіп, наурызды қалалық Леви  саябағында атап өтті.

Бұл күні саябақ өзгеше кейіпке еніп, сауда шатырлары пайда болған. Ол жерде тұрлі ұлттық тағамдардың дәмін тату мүмкіндігі берілді. Сонда алып қазанда дайындалған өзбектің палауын, боснялықтардың отқа қақталған қой етін, түріктің түрлі тәтті-дәмділерін және қазақтың әйгілі наурыз көжесін бауырластарымызбен бірге американдықтар да сүйсіне жеген. Ал, қырғыз ағайындар үлкен киіз үй тігіп, ұлттық киімдері мен өнерлерімен жұртшылықты тәнті еткен. Осылайша, саябаққа жиналғандар тек қана аста төк дастарханнан дәм татпай, шығыс елінің мәдениеті мен өнерін де қызыға тамашалаған.

Ал, шаңырақ қазақ қоғамының жексенбілік мектебінің оқушыларының домбырада орындаған күйлері мерекелік шараның шарықтау шегі болды. Мұнда 20 бала білім алып, домбыра тартуға, халықтық билерді билеуге машықтануда. Олардың ата-аналары балаларының шетелде жүрсе де ата тегі мен тілін, ділін, салт дәстүрін ұмытпағанын қалайды.