Зорлық-зомбылық көрген әйелдер қайда жүгінеді?

Primary tabs

Mar 13, 2019 / 0 comments

Өмірлік қорғаны болар отағасының өзінен жәбір көріп, барар жері, басар тауы қалмаған аналардың жәрдем сұрап, көз жасын төгіп жүруі - қазіргі қоғамда тұрмыстық зорлық зомбылықтың әлі де өзекті мәселелер қатарынан сызылмағанын айғақтайтын тәрізді.

Мысалға, 35 жастағы үш баланың анасы – Жанарды алайық. Бастапқыда тату-тәтті күн кешіп жатқан ерлі-зайыптының бақытын ащы су бұзған. Араларындағы сыйластықты арақ жеңген соң-ақ, шаңырақ астындағы шаттық арманға айналып, әйелдің басындағы бағы тайған, балалардың жігері жасыған... Сан мыңдаған шақырымда төркінін қалдырып, арқа сүйер азаматының қолынан ұстап жыраққа келген Жанар осылайша дәрменсіз күйге түскен. Ендігі бар үміті құрбысынан естіп, есігін қаққан аудандық Полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының кабинеті.

Аға инспектор Эльмира Есенбаеваның айтуынша, нәзік жандыларға қатысты қылмыстар саны жыл өткен сайын азаймай тұр. Жанар сияқты қорғансыздың күйін кешкен жандар жағдайдың мән-жайы толығымен анықталған соң, расымен де басқа паналар жері қалмаса Алматы немесе Талдықорған қаласындағы дағдарыс орталықтарына орналастырылады. Онда әйелдер алты ай көлемінде өз өмірлерін түзеуге мүмкіндік алып, жұмысқа тұрғызылады, ал, балалары арнайы оқу орындарына қабылданады.

Жүйелі жұмыстарды жопарлы түрде жүзеге асыратын құқық қорғаушылар 8 наурыз мерекесі қарсаңында да көп істі қолға алды. Атап айтқанда, көпшілік арасында ауқымды сауалнама жүргізіп, 5-і мен 7-сі аралығында «Әйел – отбасы шырағы» атты акция ұйымдастырған. Облыстық полиция департаментінің бұйрығы негізінде, акция аясында халық арасында отбасындағы әйелдерге қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша түсіндіру шаралары өткізілген.

2003 жылдан бастап аудандық әкімдік жанынан «Зорлық-зомбылыққа жоқ де!» атты әйелдер мен балаларды тұрмыстық күш қолданудан қорғайтын үкіметтік емес ұйым да жұмыс істейді. Ұйымның жетекшісі әрі психологы Татьяна Матвеева аталған бөліммен иық тірестіре талай игі іске ұйытқы болған.

Жыл басынан бері Эльмира Өмірзаққызының алдына 32 әйел ішіне сыймаған мұңын шағып, жәрдемге жүгінген. Ал, осындағы 2-35-64 сенім телефонына 17 қоңырау келіп түсіп, кеңес алып, 16-сы қабылдауға келген. Бұл кезеңде бірнеше нәзік жандыны ренжіткен азаматқа қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған. Яғни, бұл дегеніміз, ол бөріктілердің аты-жөні отбасылық лаңкес ретінде бір айға деректер қорына тіркеледі. Отыз күн ішінде азамат ашуға беріліп әрекетін қайталайтын болса, онда оның ісі сотқа жіберілуі бек мүмкін. Сонымен қатар, жергілікті полиция инспекторлары мұндай тұрғындарды жарты жыл көлемінде қатаң бақылауға алып, мінез-құлықтарына ерекше талап қояды. Сол себепті, өзіне де өзгеге де қиындық туғызып, болашағына балта шапқанша, кейде ашуды ақылға жеңдірудің әлдеқайда артық екенін түсінген де абзал...

Себебі – әйелдің жүзін мұң шалмаса, баланың да бақытты, ер азаматтың да табысты болары анық...

Клара Көпбаева